Қызылорда облысы әкімінің 150 білім гранты бөлінді

Қызылорда облысындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне 70, Дәстүрлі өнер институтына 15, «Болашақ» университетіне 20, Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 10, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне 30 грант бөлінген. Бұл гранттар бойынша бакалавр академиялық дәрежесінде техникалық, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнер, әскери іс және қауіпсіздік, қызмет көрсету, ветеринария және медицина салаларының мамандары даярланады.

Облыс әкімінің грантына кімдер үміткер бола алады?
1. Балалар үйінің тәрбиеленушілері (Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мекемесінің түлектері);
2. Мүгедектігі бар балалар;
3. Жетім балалар;
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
5. Асыраушысынан айырылған отбасылардың балалар;
6. Ата-анасының екеуі немесе біреуі зейнеткер, тұрмысы төмен отбасы балалары;
7. Ата-анасының екеуі немесе біреуінің мүгедектігі бар балалар;
8. Көпбалалы отбасылардың балалары;
9. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар.

Басты шарт – балалар Ұлттық бірыңғай немесе кешенді тестілеуден кемінде 50 балл жинауы қажет. Оған қоса, ауыл шаруашылығы, ветеринария мамандықтары үшін кем дегенде 60 балл, педагогикаға мамандықтары үшін кемінде 70 балл, медицина мамандықтары үшін кем дегенде 65 балл жинауы керек.

Бұл санаттар бойынша әлеуметтік көмек тағайындау отбасының өткен тоқсандағы табыстарын ескере отырып жүргізіледі. Әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжат қабылдау 2020 жылдың 12-20 тамызы аралығында аудандар мен Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде жүргізіледі. Тапсыратын құжаттар тізімін осы бөлімдерден алуға болады.

Грантты тағайындау туралы шешімді конкурстық негізде жергілікті аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Іріктеуден өтуге үміткердің ҰБТ, кешенді тестілеу нәтижесі, жеке жетістігі, әлеуметтік жағдайы, отбасының табыс деңгейі ескеріледі.