Саят Медеуов: Осы күнге дейін 30 көлік ауыстырдым

  • Өнердегі әріптестерім «клипсіз танылған әншісіз» деп жатады. Жалғыз бейнебаяным бар. Бейнебаян түсіру менің форматыма келмейтін секілді. Сахнаға шығып, бір орында тұрып әнімді айтып жүре бергенім өзіме ұнайды.
  • Достарым мен туралы жиі әзілдейді. Ал танымайтын адамдардың әзілі ерсі көрінеді. Бірақ, ер жігітпіз ғой, ешкімге «тәйт» деп ренжіп көрген емеспін.
  • Күзде Астанада, Алматыда ән кешін өткіздім. Көпшілікке жар салып, жарияламадым. Қазақстанда жарнама бағасы қымбат. Жарнама үшін қыруар ақша жұмсағанша, пайдалы іске, мұқтаж адамдарға жұмсаған дұрыс деп ойлаймын.
  • Концерт бермеген әнші алаңға шықпаған футболшы сияқты. Футболшыны бапкерлері, футбол федерациясы іріктейді. Ал әншілерді ешкім сараптамайды. Ол жеке концерт беруге лайықты ма, лайықты емес пе — бәрібір. Мәдениет саласы осы мәселеге назар аударса екен деймін.
  • Бір әншінің барлық әнін сүйіп тыңдау мүмкін емес шығар. Тыңдарманның талғамы әр түрлі. Мен де әндердің бәрін тыңдай бермеймін. Радиодан, теледидардан даусын естігенде тыңдағым келмей өшіре салатын әншілер де бар.
  • Жиі көлік ауыстырамын. Аяқ астынан бір көлік ұнап қалса, сатып алуға тырысамын. Осы күнге дейін 30 көлік мініппін.
  • Көңілім бос. Терме тыңдасам, мұңды ән тыңдасам көңілім босап кетеді. Қартайғанның белгісі шығар.
  • 100-ге жуық әнім бар. Көңілді әндерім көп емес. Табиғатым сондай шығар.
  • Екінші әйел алу деген де дұрыс шығар. Қазақстандықтардың санын көбейтуіміз керек қой. Онсыз да қазақ қыздары шетелдіктердің етегінен ұстап кетіп жатыр.
  • Қақаған аязда үй салып жатқан құрылысшыларды көріп «бүгінгінің батыры осылар» деп ойладым. Сол тұста маған зор атақ беріп жатқан еді. Қатты ұялып кеттім.
  • «Әншілердің өмірі рахат қой. Ән айтасың да ақшаны күреп таба бересің» деген таныстарым болды. Студияға алып келіп, бір ән дайындаудың қиындығын көрсеттім. Кейін кешірім сұрағаны бар.
  • Әнші — рухани емші. Дәрігер адамның тәнін емдесе, біз ән арқылы жанын емдейміз.
Дереккөзastanatv.kz