Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Президенті Владимир Путинді коронавирусқа қарсы дүниежүзіндегі ең бірінші вакцинаның тіркелуімен құттықтап, жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл оқиға Ресей ғылымының жоғары әлеуеті мен беделін нақтылай түсті. Сонымен бірге Ресейдің осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күрестегі жетекші роль атқаратынын көрсетті. Дүниежүзінде қалыптасқан осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, оның ішінде гуманитарлық көмек беріп және еліміздегі санитария-эпидемиология ахуалдың жақсаруына үлкен үлес қосқан дәрігерлер жібергеніңіз үшін сізге ризашылық білдіреміз, — деп жазды Қазақстан Президенті жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің аталған бағыттағы тиімді ықпалдастығы туралы да айтты.
Тамыз айының екінші жартысында Үкіметтік делегация ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Мәскеуге барады, — деді Мемлекет басшысы.
11 тамызда Ресей COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина тіркегенін хабарлады. Бұл туралы Владимир Путин мәлімдеді. Ол Мәскеудің Гамалея институты әзірлеген вакцина қауіпсіз екенін және оны қыздарының бірі қабылдағанын айтты.