Айбын Қуаныш биыл Алматыдағы №146 мектеп-лицейдің 4-класын бітірді. Өзінің айтуынша, балабақшада жүргенде-ақ өлеңді мәнерлеп оқуды ұнатқан. Кейін балаларға арналған Bala Media мектебінде «Жас жайдарманшы» үйірмесіне жазылады. Түрлі телебағдарламаға қатысады.
Киноға ең алғаш 9 жасымда түстім. Одан бұрын бір емес бірнеше рет кастингке қатысып, өтпей қалған едім. Сонда да анам талабымды байқап, «қолыңнан бәрі келеді. Осы бетіңнен таймасаң, мықты актер болып шығасың» деп үнемі жігерлендіріп отырды. Кейін режиссер Шапағат Орынбаевтың мектеп оқушыларына арнап түсірген «Тентек» атты сериалында басты рольдің бірінде ойнау бұйырды, — дейді Айбын.
Айбынның айтуынша, сериалға түсу оңай емес. Әсіресе, балаға қиын. Біраз уақыт тәжірибе жинаған соң сценарий жаттау да жеңілдей түскен. Ең бастысы – камераның алдында қобалжымай, берілген рольде жақсылап ойнап шығу.
Кейде сценарийдегі мәтінді сөзбе-сөз айту мүмкін емес. әуелі бір рет оқып шығамын. Кейін тағы қайталаймын. Мағынасын жақсылап түсініп аламын. Камера алдында қателесіп не ұмытып қалсам, өз сөзіммен жалғастырып кетуге тырысамын. Камерадан қорықпаймын. Өзімді еркін ұстаймын. Бұл — роль алдындағы жауапкершілігім. Бәрін жаттап айтып берсең, жасанды болып көрінеді. Актерлық қабілетімді салып, шынайы түрде кейіпкердің ойын жеткізуге тырысамын, — дейді ол.
Фильмге түскен әр бала өзінше талантты. Кейде жігер жетіспей қалады, кейде сценарий жаттау қиынға соғады. Айбынның айтуынша, ондай кезде режиссер балаға қолдау білдіріп, мақтайды. Өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі.
Әр дубль кезінде бізге «камераға қарама» деп ескертеді. Кейде бір дубль бірнеше рет түсіріледі. Сәтті аяқталса, балалармен асыр салып ойнап, бір демалып аламыз. «Сынық сынып» сериалына түскен маған қатты ұнады. Себебі өзім қатарлы балалар өте көп болды. Олармен бір алаңда жұмыс істеп, жаңа достар таптым, — дейді Айбын.
Айбын кадр сыртында қызық сәттер көп болатынын айтады. «Тентек» сериалының түсірілім барысында кішкентай қыз айтатын сөзін ұмыта беріп, қайта-қайта дубль жасаған. Сонысына ашуланамын деп, қыз баланы жылатып қойыпты. Кейін кешірім сұраса да қызды жұбата алмаған. Түсірілім тобы жұмысын тоқтатып, бәрі бір сағат қыздың жанында жүріпті.
Кейде әріптесім сөзін ұмытып қалса, өзім айта салатын кез болады. Бір түсірілімде мұғалімге сыйға келген гүлді иесіне қайтару керек болатын. Қайта-қайта мені жұмсағанына ренжіп, өзіммен өзім бұрқылдап гүлді қоқысқа тастай салдым. Кейін сценарийде жазылмаса да, осы кадрды қалдырыпты, — дейді кішкентай актер.
Айбын сериалға түсуге көп уақытын арнаса да, сабақтан қалмауға тырысады. Фильмге көбіне каникулда, тоқсандық демалыс кездерінде түседі. Қазір кітап оқуды қолға алыпты. Айтуынша, кез келген актер сөздік қорын байытып отыруы керек.
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабын оқып бітірдім. Қатты ұнады. Қазір Гарри Поттердің шытырман оқиғасы баяндалған кітапты алу ойымда жүр. Болашақта кітап оқуды тұрақты хоббиіме айналдырамын. Бұл мен үшін өте маңызды, — дейді ол.
Айбын көптен бері тарихи фильмдерге түсуді армандап жүрген. Жақында ғана кастингтен өтіп, «Қажымұқан» фильміне шақырту алыпты. Мұнда ол балуанның шәкірттерінің бірін ойнайды.