Қызылорда облыстық қан орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 27 сәуіріндегі №256 «COVID-19 бар пациенттерді емдеу үшін иммун плазмасын өндірудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес облыста коронавируспен ауырған науқастардан иммун плазмасын дайындауды бастады. Науқастан иммун плазмасын алар алдында оның қанында COVID-19 инфекциясына қарсы антиденелердің бар-жоғы тексеріледі. Антиденелер көбіне коронавирустың ауыр түрімен ауырған науқастарда болады.
Қызылорда облысы әкімдігі өңір көлемінде COVID-19 ауруынан жазылып шыққан тұрғындарды иммун плазмасын тапсыруға шақырды. Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, иммун плазмасы ауыр халдегі науқастардың жазылып шығуына көмектеседі.
Коронавирустан жазылған облыс тұрғындары осы инфекцияға қарсы иммунитеті бар-жоғын білгісі келсе, облыстық қан орталығында ақылы түрде тексеріле алады.
Иммунитеті бар облыс тұрғындары қалауы бойынша иммун плазмасын тапсырып, оны ақылы түрде облыстық қан орталығының плазма банкісінде сақтап қоя алады. Індетпен қайта ауырған жағдайда өз плазмасын өзіне пайдалануға болады. Плазманы сақтау мерзімі — 3 жыл.