Үкімет 2020-21 оқу жылының басталуына дайындық мәселесін пысықтады.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі жағдайда оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан өтеді. Оқытудың дәстүрлі форматы барлық санитария нормасын қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сонымен бірге бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында болады.
Үкімет басшысы оқыту әдістемесін толық пысықтап, 2020 жылдың 20 тамызына дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат беруді, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырды.
Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сонымен бірге әкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтасын, — деді Аcқар Мамин.
Оқулықтар 25 тамызға дейін беріледі. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрон нұсқалары болуға тиіс, олар қолжетімді болуы қажет.
Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сонымен бірге елдімекендерде интернет сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету мәселесі тапсырылды.
