1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектеп қашықтан оқиды. Әрине, бұл — өте күрделі шешім. Қоғамның осы мәселеге қатысты ойлары, ұсыныстары бар екенін білеміз. Осы шешімді қабылдамас бұрын ең бірінші эксперттермен сөйлесіп, олардың тиісті пікірін тыңдадық, ата-аналардың да пікірін тыңдап, олармен де кеңес өткіздік және халықаралық зерттеулерді, тәжірибелерді қарадық. Ең бастысы — бүгінгі ахуал. Бізге керегі — балалардың, ата-аналардың, педагогтардың денсаулығы. Сол себепті осындай шешім қабылдап отырмыз, — деді Білім және ғылым министрі.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, шалғай ауылдардағы бала саны аз мектептерге және бастауыш класс оқушыларына оффлайн оқу мүмкіндігі бар.

Шалғай ауылдарда шағын жинақты мектептер бар. Онда 5, 10, 15 бала бар. Олар жаяу мектебіне барады. Осындай қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штаттық форматта оқыту мүмкіндігін беріп отырмыз. Бастауыш класта оқитын балаларға қатысты тағы бір нәрсе. Егер ата-аналардың өтініші болса, біз уақытша кластарды дайындап, ашып беруге дайынбыз. Әрине, мұндай кластарды ашқанда тиісті жағдай жасауымыз қажет. Барлық санитария талаптарына сай жұмыс жүргізіледі. Бірнеше ауысымға бөлу, топтарда көп дегенде 10-15 қана бала ғана болу деген сияқты мәселелерді қарастырамыз. Біз үшін ең басты мәселе — балалардың қауіпсіздігі. Сондықтан осындай шешім қабылданып отыр, — деді министр.

Сонымен бірге Білім және ғылым министрі студенттер де қашықтан оқуын жалғастыратынын айтты.

Колледждер мен университеттерге келсек, студенттер де қашықтан оқиды, тек лаборатория жұмыстары бар кейбір мамандықтар бойынша дәстүрлі режимде оқу бойынша ұсынысты қабылдап, мұндай мүмкіндік береміз. Бірақ көп жағдайда жоғары орындары болсын, колледжер болсын, қашықтан оқуын жалғастырады, — деді ол.