Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, қазір күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған гидрооқшаулау жұмысы аяқталуға жақын.
Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жіті қадағалауымен және Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе жүргізіліп жатыр.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистрал көше бойында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Ал 2019 жылғы Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмысының нәтижесінде біздің эрамызға дейінгі I ғасырда жасалған ежелгі 5000-нан аса алтын бұйым табылған.
Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында туристер демалатын қалың бау-бақшалы селфи-аймақ жасақталады. Тарихи нысанның «Тақия қақпасы» маңында қазба жұмысы жүріп, табылған жәдігерлер туристер көзқуанышына айналмақ.
Сонымен бірге Бекзат Саттарханов даңғылы аумағында этноауыл салынып жатыр.
Атап өтейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде атқарылған жұмыстың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізіліп жатыр. Кесенедегі қайта қалпына келтіру жұмысымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова да келіп танысты.