Басты бетЖаңалықтарБағдат Мусин...

Бағдат Мусин Цифрлық даму министрі қызметін уақытша атқарады

Бағдат Мусин мұның алдында Президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министр Асқар Мамин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұжымына Бағдат Мусинді таныстырды.

Асқар Маминнің айтуынша, Мемлекет басшысы министрліктің алдына мемлекеттік қызметтер мен экономика салаларын цифрландыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Денсаулық сақтау және білім беру саласын цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты. Сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елдімекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық міндетті іске асыру, әсіресе, пандемия кезінде зор маңызға ие.

Бағдат Мусин 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысының Екібастұз қаласында туған. Сүлеймен Демирел атындағы университетті «инженер-жүйе технигі» мамандығы бойынша, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын инженер-бағдарламашы болып бастады, Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК АЖ сүйемелдеу бөлімінің бастығы, ҚР Әділет министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы болып жұмыс істеді, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің құрылымында басшылық қызметтерді атқарды, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетін басқарды.

Айта кетейік, бұған дейін Асқар Жұмағалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен, Бағдат Мусин Президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі қызметінен босатылғаны хабарланған еді.