Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кешенді тесті 1-15 тамыз аралығында өтеді. Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы беруге болады.

Тестінің қорытындысы бойынша куәлік жеке кабинет арқылы электрон түрде беріледі.

Ал магистратура бойынша білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтініштерді 16-20 тамыз аралығында беру қажет.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, 2020 жылы магистратура мен докторантураға түсу және қабылдау ережесінде бірқатар өзгеріс бар.

Мысалы, мемлекеттік немесе ресми тілі ағылшын тілі болып есептелетін елдердегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған студенттер және шетелдік аккредиттеу органдарының мамандандырылған аккредиттеуі бар тұлғалар кешенді тестінің «Шет тілі» блогынан босатылды, — деді Әділет Тойбаев.

Мұндай ереже докторантурада да бар, мемлекеттік немесе ресми тілі ағылшын тілі болып есептелетін елдердегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын аяқтаған үміткерлер шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттарды ұсынбайды.

Докторантураға түсу үшін өтініштерді Ұлттық тестілеу орталығының Pvo-zayav.testcenter.kz сайтында 3 шілдеден 3 тамызға дейін беруге болады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.