Облыс әкімі Жаңақорған аудандық ауруханада стационарлық ем қабылдап жатқан науқастардың хал-жағдайын біліп, аурухананың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы пневмониямен ауырып жатқан науқастарға аранайы барып сөйлесіп, жағдайларын білді. Аудан әкімі С.Мақашевқа эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауды және аурухананың жұмысын күшейтуді тапсырды.
Өздеріңіз білетіндей, карантин мерзімі айдың соңына дейін созылды. Эпидемиологиялық ахуал күрделі. Облыс бойынша Жаңақорған ауданы коронавирус індетін жұқтырған адам санынан алдыңғы қатарда тұр. Емделушілерге жақсы жағдай жасап, аудандағы жағдайды тұрақтандыруға жұмыс істеңіздер, — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жаңақорған аудандық орталық ауруханасы 2010 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта ауруханада 168 дәрігер, 803 орта буын қызметкер жұмыс істейді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандық ауруханаға екі ИВЛ аппараты, 1120 дана кислород баллоны алынған. Қазіргі уақытта аудан бойынша COVID-19 вирусымен 292 адам тіркелген. Оның ішінде 230 адам емделіп шықты. Пневмониямен 236 адам тіркеліп, қазір стационарда 176 науқас ем алып жатыр.
Одан кейн өңір басшысы аудандағы бірқатар дәріхананың дәрі-дәрмек қоры мен бағасын тексеріп, аудан әкімдігіне тұрғындар пайдалану үшін дәрілік заттардың жеткілікті болуын және кәсіпкерлер тарапынан қолдан баға көтермеуін бақылауды тапсырды.

Облыс әкімі сонымен қатар ескі аудандық аурухана ғимаратынан, № 3 мектеп интернатынан, дене шынықтыру және спорт кешенінен дайындалған провизор орталықтардың жұмысын тексеріп, аудандық аурухананың бас дәрігеріне бірқатар тапсырма берді.
Провизор жағдайда емделіп жатқан азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау керек. Дәрі-дәрмек, оттегімен толық қамтамасыз етілуін қатаң бақылауға алыңыз. Үй жағдайында ем алып жатқан азаматтардың да жағдайы бақылауда болуы керек. Қазіргі уақытта тұрғындардың денсаулығы бірінші кезекте тұр, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ауданда науқастарды уақытылы емдеу орнымен қамтып, үй жағдайында өз бетінше ем алмай, дәрігерлердің бақылауында болу мақсатында қазіргі уақытта бұрынғы 100 орын провизор стационарына қосымша 180 орын провизор ашылып, жұмыс істеп жатыр. Провизор орталықтарда 219 науқас орналастырылған. Науқастарға 89 медицина қызметкері ем жүргізіп жатыр. Қызылорда облысында дәрі-дәрмек заттардың жетіспеушілігін жою мақсатында фармацефтикалық компанияларға 86 миллион тенгеге өтінім берілген. Оның ішінде Жаңақорған ауданына «Дексаметазон», «Преднезалон» ерітіндідегі аскорбин қышқылы және тағы басқа дәрілік заттарды алуға 10 миллион теңге қарастылырды. Дәрі-дәрмектер бір апта көлемінде жеткізіледі.

Бұған қоса, өңір басшысы №51 орта мектептегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмысымен танысып, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмалары сапалы әрі уақытылы орындалуы керек. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы өңірімізге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Сол себепті бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алыңыздар. Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп, пайдалануға уақытылы берілетін болсын, — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кетейік, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданына 3 миллиардқа жуық қаражат бөлініп, 23 жоба жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар бағдарлама аясында 706 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Шиелі ауданында жалғасты.
