Қызылордада қызметтік көліктер жедел жәрдем қызметін атқарады

Қазіргі уақытта қала әкімдігі тарапынан карантин режимі кезінде меншік нысанына қарамастан барлық субъектінің санитариялық-дезинфекциялық режим талаптары бақыланып отыр. Осы мақсатта 14 мониторингтік топ құрылды.

Оның құрамында қалалық прокуратура, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, қала әкімдігі, қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің мамандары бар. Мамандар бүгінге дейін қала аумағында орналасқан 5000-нан астам нысанды аралап, тиісті түсіндірме шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Қала аумағында коронавирус және пневманияға байланысты тұрғындар тарапынан шақырту күрт көбейген. Осыған байланысты қала басшылығы облыс орталығындағы емдеу орындарына қосымша көмек ретінде әкімдікке қарасты мекемелерден барлығы 23 қызметтік көлікті жедел жәрдем қызметіне пайдалануға берді. Бүгінгі таңда осы қызметтік көліктер арқылы тұрғындардан түскен 1341 шақырту орындалған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы және қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары бөлініс бойынша қала аумағындағы барлық аурухана мен емханаға жауапты ретінде бекітілді, — деді Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жауапты мамандар құзырлы органдармен бірлесе отырып, медицина нысандарына қажет етілетін құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында бұл нысандарды күнделікті бақылауға алып отыр. Сонымен қатар қала әкімі аппаратының қызметкерлері барлық дәріханаа дәрі тапшылығын болдырмау бағытында күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде қала аумағында орналасқан медицина ұйымдарына күніне 400-ге жуық оттегі баллоны қажет. Қазір сол тапшылықты жою мақсатында осы іске еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер, жастар өкілдері, елдің жанашыр азаматтары тартылды. Індетпен күресіп жатқан дәрігерлерді орналастыру үшін «Сырдария» лагерінен 100 орын дайындалды. Ал «Қызылорда» қонақ үйінің директоры Қ.Боранбаевтың қолдауымен сол жерден дәрігерлерге 137 орын берілген. Дәл осындай қамқорлықты Bella Vista кешені де жасап отыр, — деді әкімдіктің баспасөз қызметі.