Президент 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қалыптасқан ахуалға байланысты  республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасады.

Президенттің айтуынша, қазір денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсіп жатыр. Бірақ бұл жүйе инфекцияға тойтарыс беруге дайын болған жоқ.

Осы мәселе бойынша тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қатесіне тиісті баға береміз. Дегенмен мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылданды. Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында жазылып шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді, — деді Президент.

Мемлекет басшысы коронавирус инфекциясынан қайтыс болған азаматтардың отбасына көңіл айтты. 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Көп елдегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен әр қазақ менің жалғызым дегендей әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай азаматтарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді. Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесетке сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық, — деді Президент.