Актер Дархан Дайырбек қайтыс болды

Нұртас Адамбайдың айтуынша, актер 8 шілдеге қараған түні қайтыс болған.

Бүгін түнде біздің тамаша актерымыз Дархан Дайырбек қайтыс болды. Студиямыздың атынан ағаның жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Дархан аға көңілді әрі жақсы кісі еді. Сол қалпында есімізде қалады. Дәке, рольдеріңізге, жұмысыңызға және адамдарға деген қарым-қатынасыңызға рақмет. Иманды болыңыз, — деп жазды Нұртас Абамбай.

Актердың неден қайтыс болғаны белгісіз.

Қазаны Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының өкілдері де хабарлады.

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі, кино актеры — Дархан Дайырбек те арамыздан кетті. қабырғамыз қайысып отыр. Ол 1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтын Нұрқанат Жақыпбайдың шеберлік класынан бітіріп, еңбек жолын біздің театрдан бастаған. Елге дара талантымен «Күлкі керуені», «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрлары арқылы танылған, апталдай азамат, жарқыраған жақсы адам, дархан көңілді Дарханымыз еді. Амал нешік. Бақұл болыңыз!, — делінген театр хабарында

Дархан Дайырбек 1969 жылы туған. Ол — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Терісқақпай» комедия театрының артисі. Отандық бірнеше фильмде басты рольде ойнаған. «Әкім», «Асаба досьесі», «Құдалар», «Қазақша тонау», «Сүрбойдақ», «Келинка Сабинка-2», «Бес күндік күйеу», «Мен күйеу баламын», және тағы басқа фильмдерде ойнады.