2016 жылдың 1 қазан және 9 қараша аралығында ескі көліктерді утилизацияға жіберу туралы кеңестер алып, өтініш беру үшін «Оператор РОП» орталығына 354 адам жүгінген. Оның ішінде Астана, Павлодар, Алматы және Өскемен қалалары көш бастап тұр.
Орталықтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандықтардың утилизацияға жиі жіберетін көлігі ВАЗ-2101 болып шықты. Одан кейін «Москвич-412» мен Mazda 323 тұр. Сондай-ақ, 1960-1970 жылдары шыққан көліктер де утилизацияға жиі ұшырайды. Ал, орталыққа келген көлік иелерінің басым бөлігі 50-70 жас шамасында.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 21 қарашасынан бастап, утилизациялаудың жаңа, жеңілдетілген түрі іске қосылады.
Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа жоба аясында адамдар көлікті қолма-қол ақшаға айырбастай алады:
- Жүріп тұрған автомобиль үшін — 150 мың теңге;
- Істен шыққан көліктер үшін — 48 мың теңге. Алайда, көліктің шанағы, есіктері, қозғалтқышы болуы шарт.
Аталған жоба аясында жыл соңына дейін 10 мың ескі көлікті екінші рет өңдеп, пайдаға асыру жоспарланған.