Qazaqstan ұлттық арнасының хабарлауынша, телеарна халыққа өнер мен мәдениет, түрлі ұлттың әдеби және тарихи мұрасы туралы хабар ұсынады.
Дәурен Абаевтың айтуынша, жаңа телеарна мәдени-ағартушылық салаға үлес қосуды, ұлт қазынасын толтыруды көздейді.
Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру — өте орынды. Өйткені ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етіп отыр. Бұл туралы ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек. Сонымен бірге ол өнер мен кәсіп үйренуді байлықтың кілтіне, ұлттың қуатына балаған. Ұлы ақын тағы бір сөзінде «адам баласын заман өсіреді» дейді. Жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді. Зиялы қауымның басты борышы — қоғамға, әсіресе, жастардың бойына тәрбиені, ізгілікті, отансүйгіштікті дарыту. Телеарна осы жолда сіздерге ұтымды құрал, ашық пікір алаңы болады деп ойлаймын. Осы тұрғыда Abai tv телеарнасының ашылуы ұлы кемеңгердің мерейтойы аясындағы шоқтығы биік шара деуге болады, — деді Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев.
Телеарна көрерменге Абай мұрасын, Қазақстанның және дүниежүзінің мәдениетін таныстырады. Осы бағыттағы «Абай жолын» бірге оқиық», «Сарасөз» бағдарламалары жарыққа шықты. Оған қоса бағдарламалар кестесіне қазақ қаламгерлері шығармаларын талдауға арналған «Үркер», жастардың «Жыр майданы», қазақ музыкасы мәдениеті мен тарихы жайындағы «Музыка Великой степи», спектакльдер мен балет қойылымдарына арналған «Премьеры» бағдарламасы эфирге шығады.
Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалының айтуынша, қазіргі қиындыққа қарамастан жаңа телеарнаның ашылуы, соған барлық мүмкіндікті жасау — игі іс.
Абай аты — өте ардақты. Осы арнада қызмет ететін қыз-жігіттердің мойнына өте ауыр жүк артылады. Абай атын иеленгеннен кейін оның әділдігін, ойшылдығын, сөзге деген ерекше ықыласын, өлеңдері мен әндеріндегі нәзіктік пен сұлулықты сақтап, сол биіктен көрініңіздер, — деді Сұлтан Оразалы.
Телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар таратады. Арна Otau TV ұлттық спутник операторы, Alma TV, ID TV кабель желілері арқылы тарайды. Www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі де бар.