Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қуандық Шамахайұлының 23 маусымда COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем қызметі арқылы ауыр халде ауруханаға түскенін мәлімдеді.
Осы уақыттан бастап ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Қойылған диагнозы: ауыр дәрежедегі анықталмаған этиологияның екі жақты полисегментал пневмониясы. Диагностика клиника хаттамасына сай жүргізілді. Емдеу кезінде науқастың жағдайы бірнеше рет нашарлады, — делінген басқарма хабарламасында.
Қуандық Шамахайұлы Facebook-парақшасындағы соңғы жазбасында 2.00-де ауруханадағылар ұйқысынан оятып, дәрі бергенін, бірақ оның нақты қандай дәрі екенін айтпағанын жазған еді.
Басқарма мәліметінше, 29 маусымда танымал журналистің жүрегі тоқтап қалған. Реанимацияға қарамастан науқас қайтыс болған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Қуандық Шамахайұлы 1960 жылы Моңғолияда туған. Ұланбатырдағы Моңғолия мемлекеттік университетінде журналист мамандығы бойынша білім алған. Ол ҚР мәдениет қайраткері, Ақпарат ісінің үздігі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанған.
Сонымен қатар Қуандық Шамахайұлы — «Таскене», «Сексеуіл бүршік жарғанда» романдарының, «Кішкентай адам», «Сағым жыл» әңгімелерінің авторы.