Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өндірісі субсидияланып жатыр

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлауынша, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау жалғасып жатыр.

2019 жылы Қызылордада көлемі 2,2 гектар болатын «КазАгроМир» компаниясының заманауи автоматтандырылған жылыжай кешені толықтай іске қосылды. Жобаға 143,0 миллион теңге инвестициялық субсидия төленген. Бүгінде жылыжайдан күніне 5-6 тонна өнім жиналып, ол ішкі нарықты қиярмен қамтамасыз етіп отыр. 40-тан астам адамды жұмыспен қамтып отырған бұл кәсіпорыннан биыл 300 тонна қияр жиналған.

Өңірде шаруашылық құрылымдары тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бойынша азаматтар өтініш беріп, қаржы алды. Қызылордаға қарасты «Ыбырай Жахаев атындағыә ҒЗИ, Сырдария ауданына қарасты «Мағжан и К» және Қармақшы ауданына қарасты «Жаңажол» компаниялары егіске пайдаланатын азотты және фосфор тыңайтқыштары үшін 174,1 миллион теңге субсидия алған. Нәтижесінде, аталған шаруашылықтар дақылдың өнімділігін арттыру мақсатында құрамында микроэлементтері бар тыңайтқыштар қолданып жатыр.

Мал шаруашылығы бойынша 2020 жылы Қазалы ауданына қарасты «Қуанышбаева» ЖК «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 50,0 миллион теңге несие қаражатын алып, Ресей Федерациясынан 80 бас ет бағытындағы асыл тұқымды МІҚ малының ұрғашысын облысқа жеткізген. Шиелі ауданына қарасты «Айболат» шаруа қожалығы өз қаржысынан 24,0 миллион теңгеге Шығыс Қазақстан  облысынан отандық ет бағытындағы асыл тұқымды МІҚ ұрғашыларын алып келіп, әр басына 150,0 мың теңгеден 12,0 миллион теңге субсидия алуға қол жеткізген.