Ләззат Ақтаева: ПТР сараптамасын дәрігер шешімінсіз жасатпау керек

Қазақстанда 13 наурыз бен 18 маусым аралығында 1,2 милионнан астам адам коронавирусты анықтайтын ПТР сараптамасын жасатқан.

Қазақстан тәулігіне 100 мың адамның 7 мыңына тест жасайды. Бұл басқа елдердегі жағдаймен бірдей: Австрия мен Канада 100 мың адамға шаққанда күніне 6 мың адам, АҚШ 8 мың адамды тестіден өткізеді. 100 мың адамға шаққандағы тест саны жөнінен Қазақстан 34-орында, — деді Ләззат Ақтаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Министрдің міндетін атқарушы коронавирусты анықтайтын сараптаманы ауруханаға жатқызылған, жедел вирус инфекциясын жұқтырған, өкпесі қабынған, науқастармен байланыс жасаған адамдар жасатуы керек екенін айтты. Шетелден келген адамдар, медицина қызметкерлері мен әскерге шақырылғандар да профилактика үшін тексеріледі. Қалған азаматтар себепсіз тест жасатпағаны дұрыс.

Клиника, эпидемиология көрсеткіші жоқ азаматтарға тест жасату қажет емес. Халықтан медициналық көрсеткіші бойынша тест жасатуды өтінеміз. Қай кезде тексерілу керек екенін емдеуші дәрігер немесе эпидемиолог шешеді. Медицина көрсеткішінсіз тексерілсеңіз, тест нәтижесін алу уақыты ұзарады, — деді Ләззат Ақтаева.