2020 жылдың қаңтар-мамырында 741 адам мас күйде автокөлік айдап, қылмыс жасаған. Былтырғы 5 айда осындай заңсыздығы үшін 1 111 адам жауапқа тартылған. Зерттеушілер көрсеткіштің жақсаруына пандемия мен карантин оң ықпал етті деп есептейді.

Биыл жауапқа тартылғандардың 88,8%-іне (658 адам) қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы («Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру»), 7,7%-іне (57 адам) 345-бап («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы»), 3,4%-іне немесе 25 адамға қатысты 345-баптың бірінші бөлігі («Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бір адам 345-бап«Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша қылмыстық жауапқа тартылды.

Көлікті мас күйде айдағандардың ең көбі — 87-сі Батыс Қазақстан облысында, 75-і Қостанай облысында, 63-і Маңғыстау облысында тіркелді. Жалпы көрсеткіш азайғанымен бұлар — келеңсіз статистиканың басында тұрған өңірлер. Қылмыстың бұл түрі Шымкентте азайған, ол республика бойынша ең жақсы көрсеткішті иеленіп отыр.

Статистика

Еске сала кетейік, биылдан бастап автокөлікті мас күйде айдағандарға жаза күшейтілді.