Биыл Алматыда 1200 бала жаңа мектепке барады

Бақытжан Сағынтаев мектеп құрылысына пайдаланылатын материалдар сапасын, жалпы жұмыс барысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Қазіргі кезде Әуезов ауданында 5 365 балаға мектептен орын жетпей жатыр. Проблеманы шешу үшін алдағы оқу жылында осы мектеппен бірге Ақсай-3а ықшамауданындағы №123 мектептің жанынан 400 орындық қосымша нысан да ашылады.

Жылдың соңына дейін тағы бес мектептің жанынан барлығы 3 550 оқушы сыятын қосымша нысандардың құрылысы басталады: №6 мектеп жанындағы ғимарат 900, №117 мектептің қосымша ғимараты 900, №133 мектептің қосымша ғимараты 400, №132 мектеп жанындағы нысан 800, №121 мектептің қосымша ғимараты 550 балаға арналған.

Алматыдағы мектеп құрылысы
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда барлығы 30 мың оқушыға орын жетпейді. Келер жылы көрсеткіш 2 есе көбейеді. Сондықтан 2020-2021 жылдары 16 мектеп пен 23 қосымша нысан салу жоспарланған, бұларда шамамен 47,5 мың орын болады, яғни орын тапшылығы 80% азаяды. Құрылыс Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде салынады.

Балабақшалардағы орын тапшылығын шешуге тұрғын үй кешендерін салатын кәсіпкерлер көмектеседі. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша енді тұрғын үй кешені салынарда балабақша сияқты әлеуметтік нысандарға міндетті түрде орын бөлінеді. Ақсай-5 ықшамауданында «Үш сұңқар» кешенін салып жатқан компания 115 орындық балабақша үшін арнайы орын бөлді.

Әуезов ауданында 46 мемлекеттік және 122 жекеменшік балабақша бар, оларда 16 584 бала тәрбиеленеді. Былтыр бір мемлекеттік, 25 жекеменшік мекеме (барлығы 520 орын) пайдалануға берілді. Биыл үш жекеменшік балабақша ашылды, жылдың соңына дейін тағы алтауы ашылады.