Қызылорда облысы балалары «Онлайн жаз» жобасына қатысып жатыр 

Қазақстан Республикасы мемлекеттік бас санитар дәрігерінің 2020 жылғы 30 мамырдағы қаулысына сәйкес, өңірлерде коронавирустың таралу өсімі 7 күн ішінде 2%-тен аспаса, балаларға арналған сауықтыру лагерьлеріне жұмыс істеуге рұқсат. Олар санитария талаптарын сақтауы керек. Соған орай, Қызылорда облысы білім басқармасы басшысы Ақзира Қасымова облыстағы эпидемиология жағдайы тұрақталса, Қызылорда сыртындағы лагерьлерді ашуды жоспарлап отырғанын айтты.

Қала сыртындағы барлық жеті лагерь балаларды қабылдауға дайын. Оған қоса, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Инстаграм желісінде «Онлайн жаз» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күні парақшаға 20 700 бала тіркелді. Парақша арқылы оқушыларға түрлі жанрдағы үйірменің қызықты роликтері ұсынылып жатыр, — деді Ақзира Қасымова.

«Онлайн жаз» жобасы 1 маусымнан бастап іске қосылды. Осыған дейін Инстаграмда «Vlog Кадр», “Media IMAQ”, “Архитектуралық дизайн”, “Шебер қолдар”, “Хореография”, “Флейта”, “Өлкетану” сияқты үйірмелердің бейнесабақтары ұсынылып, оқушылармен кері байланыс жасалды.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, қашықтан әртүрлі тақырыптағы шығарма, бейнеролик байқауы, түрлі конкурс ұйымдастырылады.

Оқушыларды ынталандыру мақсатында ұялы телефон, смартсағат сияқты арнайы жүлделер қарастырылған. Бұл жоба облыс мектептерін түгел қамтиды. Байқауға кез-келген оқушы қатысып, бақ сынай алады, — деді Ақзира Қасымова.

Баланың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Инстаграм желісінде @online_vacation_qzo парақшасын шолуға болады.