Алматыда 7,2 мың қызметкер жұмыс орнына оралды

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, нысандар эпидемиология шараларын қатаң сақтауы керек.

Жұмысты бастар алдында ұйымдар Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері қаулысының ережелерімен танысуға және нысандарды барлық талапқа сай дайындауға тиіс, ол  талаптар: күшейтілген санитария-дезинфекция режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау және тағы басқа. Нысандар Infokazakhstan.kz сайтына тіркеліп, өздерінің жұмысқа әзірлігін растайды және хабарламаға электрон цифр қолтаңбамен қол қойып, жазылған нормаларды сақтауға кепілдік береді, — деп хабарлады әкімдік.

Мониторинг тобы жұмысқа кіріскен нысандарда карантин шараларының орындалуын рейд жүргізіп тексереді. Санитария талаптарын бұзғандар жабылуы мүмкін.

Жұмыс орындарына қажет қызметкерлер санын кәсіпорын басшылары өзі белгілейді. Сұлулық және денсаулық индустриясы нысандары үшін жұмыс кестесі штат режимінде болады, — делінген әкімдіктің хабарламасында.

Жұмысқа жалпы 7,2 мың адамы бар 900-ден астам нысан кірісіп отыр.

Бұған дейін Алматыда жекеменшік білім беру ұйымдары мемлекеттік органдардан жұмысқа кірісуге рұқсат етуді сұрағаны хабарланған еді.

1 маусымда қалада бақылау-өткізу бекеттері жұмысын тоқтатты.