Әкімшілік полиция басқармасы басшысының айтуынша, тіркеуге алынып, сары нөмір берілген автокөліктің иесі оны басқа адамның атына рәсімдей алмайды.
Тіркеуге алынған автокөлікті республиканың басқа азаматтары сенімхат немесе сақтандыру полисі бойынша айдай алады. Ешкім сата алмайды. Азамат автокөлікті сатып алғысы келетін адамды тауып, көлікті сатпақ болса, халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталыққа қайта келіп, Арменияда берілген нөмір мен техникалық құжатты алады, Армения Республикасына барып, автокөлікті есептен шығарады, автокөлікті қайтадан Қазақстанға әкеліп, бажды, утилизация алымын төлейді. Содан кейін барып көлікті басқа адамның атына рәсімдей алады, — дейді Жандос Мұратәлиев.
1 маусымда Алматы тұрғыны Хосров Гасанов Қазақстан тарихында бірінші болып Армениядан әкелінген көлігін ресми тіркетті. Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген сол жақ рульді автокөліктерге тіркеуге алынғаннан кейін төрт цифрдан тұратын, А сериялы сары түсті нөмір беріледі. Нөмірде машина тіркеуге алынған өңірдің коды көрсетіледі. Тіркеу 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Ол үшін көлік иесі 695 теңге болатын тіркеу алымын, 3 473 теңге болатын техникалық құжат төлемін және 7 778 теңге болатын мемлекеттік нөмір бажын төлейді. Барлығы — 11 946 теңге.