Армениядан әкелінген көлікті тіркеу 12 мың теңге тұрады

Алматы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбековтің айтуынша, Қазақстан азаматтары 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін Армениядан әкелінген сол жақ рульді көлігін тіркей алады. Бірақ ол көлік елге 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген болуы керек.

Автокөлік иелері жалпы үш төлем жасайды. Тіркеу жарнасы — 695 теңге, тіркеу куәлігі үшін төлем — 3 473 теңге, мемлекеттік нөмір үшін төлем — 7 778 теңге. Төлемнің жалпы сомасы — 11 946 теңге, — деді полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.

Көлікті тіркеу үшін қандай құжат қажет?

  • Көлік иесінің жеке басын куәландыратын құжат;
  • Мемлекеттік тіркеу құжаттары —  айлық есептік көрсеткіштің 0,25%-ін және баж салығын төлегенін растайтын түбіртек;
  • Көлік құралын тіркеу туралы куәлік (КҚТК) және мемлекеттік тіркеу нөмір белгісі (МТНБ) керек.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы №306 қаулысы бойынша Армениядан әкелінген сол жақ рульді көлікті тіркеу бастапқы тіркеу болып саналмайды. Сондықтан бастапқы тіркеу үшін талап етілетін соманы төлеудің қажеті жоқ.

Kolesa.kz хабарлауынша, техникалық құжатта «көлікті басқа тұлғаның атына тіркеуге болмайды» деген жазба пайда болады. Демек ел азаматының атына уақытша тіркелген көлікті Қазақстанда сата алмайсыз.

Экономист Олжас Құдайбергеннің айтуынша, мұндай уақытша тіркелген көлікке сары түсті нөмірлер беріледі. Бәрі бірдей 18 нөмірін тақпайды, нөмір көлік иесінің техникалық құжатында көрсетілген аймаққа байланысты болады. Оған қоса, бұл көлікпен шетелге шығуға, басқа адам атына сенімхат жазуға рұқсат.

Фото: Kolesa.kz

Қаулы ресми жарияланған күннен бастап Армениядан әкелінген сол жақ рульді көлікті уақытша тіркеуге болады. Дегенмен мұндай көліктерді тіркеу ережесін ҚР Ішкі істер министрлігі әлі әзірлеп жатыр. Құжатта оның мерзімі көрсетілмеген, сондықтан 18-аймаққа тиесілі сары нөмірдегі көлікті әбден тозғанша, яғни көлік иесі оны бастапқы тіркеу бойынша тіркегенше немесе ел аумағынан шығарғанша мінуге болады. Қазақстанда уақытша тіркелген көліктер Арменияда есепте тұрады. Көлік иелері сол елге салық төлеп, мүлік мәселесін шешу үшін және көлікті сату үшін сол елге баруы керек.

Айта кетейік, Үкіметтің «Қазақстан Республикасы азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы» қаулысы әзірленіп жатыр. Бұл құжатқа жақында қол қойылып, жариялануы мүмкін.

Армениядан әкелінген көлікті тіркеу туралы білу үшін Алматы полиция департаментінің байланыс орталығына 9.00-ден 19.00-ге дейін хабарласуға болады. Байланыс нөмерілері: +7 747 080 01 56; +7 727 298 50 71.