Шетелден әкелінген автокөлікті қалай тіркетуге болады?

Автокөлік сату
Иллюстрация: Dribbble.com/©Musikkkkk

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде Армения, Қырғызстан, Беларусь пен Ресейде тіркелген 170 мыңға жуық автокөлік бар. 2019 жылы шетелдік автокөлікпен жүретін қазақстандықтардың кінәсінен 1854 жол апаты болып, салдарынан 132 адам қаза тапқан, 500 адам жарақаттанған. Сонымен қатар бейнекамералар шетелде тіркелген көліктердің қатысы бар 90 мыңнан астам заңсыздықты есепке алған. Мұндай көлік иелері мемлекетке 1,1 миллиард теңгеге жуық айыппұл төлеуі керек. Осы себептерге байланысты ІІМ Қазақстанға сырттан әкелінген барлық автокөлікті тіркетуді міндеттеп отыр. «Еуро-5» стандартына сай келмейтін автокөліктер тіркеуге алынбайды, оларды қолдануға да тыйым салынады.

1. Шетелдік көлікті тіркеу үшін қайда бару керек?

Автокөлік иесі шетелдік көлігін тіркеу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына  баруы керек. Онда орталық қызметкерлері көлікті тіркеуге болатын-болмайтынын және тіркеуге кететін шығынды есептеп береді.

2. Қандай құжаттар қажет?

Көлікті тіркеу үшін:

  • жеке куәлік және оның көшірмесі;
  • көліктің төлқұжаты;
  • көлікті сатып алғаныңызды растайтын құжат;
  • баж төленгенін растайтын түбіртек керек.

Тіркеуге қажет құжаттарыңыз толық болса, ХҚКО қызметкері көлігіңізді 1-2 сағат ішінде есепке тұрғызып береді.

3. Шетелдік көлікке қандай талаптар қойылады?

Автокөлік Қазақстан мен Еуразия экономикалық одағының автокөліктерге қатысты техникалық талабына сәйкес болуы керек, яғни автокөліктің "Еуро-5" стандартына сәйкестік сертификаты болуы қажет. Егер көлік талапқа сай келмесе, автокөлік иесіне оны ел аумағынан шығаруға немесе бөлшектеп сатуға тура келеді.

4. Тіркеуге қанша қаражат керек?

Шетелдік көлікті есепке қою үшін кететін шығын көліктің шығарылған жылына, қай елден әкелінгеніне және қозғалтқыштың текше сантиметріне байланысты. Тіркеудің төрт шарты бар:

  1. Әуелі кедендік баж салығын төлеу керек.
  2. Бастапқы тіркеу. Зауыттан шыққанына 2 жыл болған көліктерді бастапқы тіркеу үшін 0,25 АЕК көлемінде (662,75 теңге), 3 жыл болған көліктер үшін 50 АЕК (132 550 теңге), 3 жылдан асқан көліктер үшін 500 АЕК (1 325 500 теңге) көлемінде төлем төлейді. Бұл төлем қозғалтқыштың күшіне емес, жылына байланысты белгіленеді. Биыл айлық есептік көрсеткіш - 2 651 теңге.
  3. Қазақстанға әкелінген шетелдік көліктің "Еуро-5" стандартына сәйкестік сертификаты болуы қажет. Оның бағасы 250 мың теңге тұрады.
  4. Утилизация алымы. Бұл алым "Оператор РОП" деп аталатын жекеменшік компанияға төленеді. Оның бағасы 2,5 миллион - 20 миллион теңге аралығында болмақ. Утилизация алымы бағасы қозғалтқыш көлемі мен базалық алым коэффициенті бойынша есептеледі.

5. Биыл Қазақстанда автокөліктерге салынатын утилизация алымы мөлшері қандай?

Жеңіл автокөліктер:

  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 1000 текше сантиметрге дейінгі көліктің алымы - 3х50 АЕК = 397 650 теңге;
  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 1001-2000 текше сантиметр аралығындағы көліктің алымы - 7х50 АЕК = 927 850 теңге;
  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 2001-3000 текше сантиметр аралығындағы көліктің алымы - 10х50 АЕК = 1 325 500 теңге;
  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 3000 текше сантиметрден асатын көліктің алымы - 23х50 АЕК = 3 048 650 теңге.

Жүк көліктері:

  • толық массасы 2,5 тоннаға дейінгі көлік үшін: 7х50 АЕК = 927 850 теңге;
  • 2,5-3,5 тонна аралығындағы көлік үшін: 15х50 АЕК = 1 988 250 теңге;
  • 3,5-5 тонна аралығындағы көлік үшін: 15х50 АЕК = 1 988 250 теңге;
  • 5-8 тонна аралығындағы көлік үшін: 16х50 АЕК = 2 120 800 теңге;
  • 8-12 тонна аралығындағы көлік үшін: 19х50 АЕК = 2 518 450 теңге;
  • 12-20 тонна аралығындағы көлік үшін: 21х50 АЕК = 2 783 550 теңге;
  • 20-50 тонна аралығындағы көлік үшін (ершікті тартқыштардан бөлек): 41х50АЕК = 5 434 550 теңге;
  • 20-50 тонна аралығындағы ершікті тартқыштар үшін: 11х50 АЕК = 1 458 050 теңге.

Автобустар:

  • электр қозғалтқышы бар (гибрид күш қондырғысы барынан басқа) көліктің алымы - 8х50 АЕК = 397 650 теңге;
  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 2500 текше сантиметрге дейінгі көлік алымы - 8х50 АЕК = 1 060 400 теңге;
  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 2500-5000 текше сантиметр аралығындағы көлік алымы - 16х50 АЕК = 2 120 800 теңге ;
  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 5000-10 000 текше сантиметр аралығындағы көлік алымы - 21х50 АЕК = 2 783 550 теңге;
  • қозғалтқышының жұмыс көлемі 10 001 текше сантиметрден асатын көлік алымы - 27х50 АЕК = 3 578 850 теңге.

6. Көлікті онлайн тіркеуге бола ма?

Шетелдік көлікті Egov.kz порталы арқылы онлайн тіркеуге болады. Ол үшін, әрине, электрон-цифр қолтаңба қажет. Толық мәліметті порталдан алуға болады.

"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ мамандарының мәліметінше, 2018 жылы Egov.kz порталы арқылы Қазақстанның 19 409 азаматы жүргізу куәлігін тіркесе, 2019 жылы 153 мың адам рәсімдеген. 2018 жылы небәрі 5 000 адам автокөлігін онлайн тіркетсе, 2019 жылы тіркеушілер саны 20 есе артып, 100 мыңға жуық адам болған.

7. Автокөлікті тіркетпеген жағдайда не болады?

Еліміздің "Жол жүрісі туралы" заңының 63 және 65-бабы бойынша шетелден әкелінген көлік 10 күн ішінде тіркелуі керек. Егер берілген уақыт ішінде тіркелмесе, автокөлік иесіне 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Көлік тіркелмеген жағдайда мемлекеттік органдар, атап айтқанда, полиция көлікті елден шығаруға тырысады. Ал көлік шетелдіктен сенімхат арқылы алынған болса, Қазақстанда бір жыл бойы кедергісіз жүре алады, бірақ көлікті жыл сайын Қазақстан аумағынан кемінде 30 күнге шығарып тұру керек.

8. Тіркеу мәселесі бойынша қайдан кеңес алуға болады?

Ел азаматтары автокөлікті тіркеуге байланысты сұрақтары бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мекемелеріне жүгіне алады. Сонымен бірге жұмыс күндері 09.00-19.00 аралығында мына нөмірлер бойынша хабарласып, әкімшілік полиция қызметкерлерінен кеңес алуына болады:

8 (7172) 71 58 21, 71 58 39, 71 58 04, 71 58 06, 71 58 62.