Ел ішінде пойызбен және автокөлікпен қатынауға рұқсат беріледі

Бұл туралы Tengrinews.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжановқа сілтеме жасап хабарлады.

Ведомствоаралық комиссияның 1 маусымнан бастап қалалар арасындағы блокбекеттерді алып тастау туралы шешіміне байланысты 5 маусымнан бастап жолаушы тасымалы жанданданады. Автобуспен жолаушы тасымалдаушылар жұмысының алгоритмі Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 10 мамырдағы қаулысының талаптары ескеріліп жасалды, ол бойынша автобустар соңғы аялдамаларда дезинфекцияланады және салонға маска таққан жолаушылар ғана кіргізіледі, — деді Жәнібек Тайжанов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Дегенмен бас санитар дәрігерлер мен өңір әкімдерінің шешіміне қарай коронавирустың таралу ошақтарында жергілікті блокбекеттер қала беруі мүмкін.

Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов Қазақстан азаматтары қалаларға өз автокөлігімен қатынай алатынын айтты.

Маусымнан бастап блокбекеттер алып тасталады. Өңірлер мен облыс орталықтары арасында автокөлік қатынасы жанданады, бұл тұрғындарға теміржолмен немесе автобуспен ғана емес, өзінің жеке автокөлігімен де қатынауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Жәнібек Тайжановтың айтуынша, елде жолаушылар пойызы үш кезеңмен іске қосылады: әуелі 1 маусымнан бастап 54 жұп пойыз (ішкі бағыттардың жартысы), 10 маусымнан бастап 39 жұп пойыз, одан кейін шектеулердің түгел жойылуына қарай мемлекеттік шекарадан өтетін 15 жұп пойыз жүрмек.

Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мен Моңғолияға қатынайтын автобус бағыттары (122 бағыт) бұл шекаралас елдердегі санитария-эпидемиология ахуалы жақсаруына қарай іске қосылады.

ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың айтуынша, Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен еліміз алғашқы кезеңде Қытай, Оңтүстік Корея, Әзірбайжан елдерімен әуе қатынасын да жандандырғалы отыр.

Ведомствоаралық комиссияның хабарлауынша, блокбекеттермен және ішкі көлік қатынасымен бірге Қазақстанда 1 маусымнан бастап фитнес орталықтары, спа орталықтары, барлық спорт және мәдениет нысаны, мектепке дейінгі мекемелер, қосымша білім беру ұйымдары, ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, ал 15 маусымнан бастап кинотеатрлар жұмысын жандандырады.