Кәсіпкер, дамыту орталығының қожайыны Александр Геркулестің айтуынша, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтіндердің 90%-і — әйелдер. Арасында балаларын жалғыз бағып отырған аналар бар. Төтенше жағдайда біразы жұмыссыз қалды. Кәсіпкер балалардың білім беру орталықтарының, жекеменшік балабақшалардың, музыка, спорт, хореография, бейнелеу және басқа да өнер түрі бойынша қосымша білім беретін мектептердің, балалар лагерьлерінің қайта жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді сұрайды.

Біз, жеке бизнес өкілдері тек моральдық шығынды емес, түрлі қаржы тәуекелін бастан өткеріп жатырмыз. Жеке білім беру ұйымдары банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Бизнестің бұл түріне 16 наурыздан бастап ешқандай қаржы түскен жоқ. Содан бері жұмыс тоқтап тұр. Карантин кезінде ата-ана балалары біраз нәрсені ұмытып қалғанын, тілді меңгеруі қиындап кеткенін айтты. Біз осы мәселені көтеріп, органдардан жұмысты жалғастыру үшін қандай талаптар орындалуы керек екенін де сұрадық. Бірақ осыған дейін сауалымызға ешқандай нақты жауап алмадық, — дейді Александр Геркулес.

Жекеменшік білім беру мекемелерінің қызметіне онсыз да 8 ай бойы ғана сұраныс болады. Олар жыл сайын жазда жұмысты тоқтата тұруға мәжбүр. Биыл мекемелердің қызметі тіпті ерте тоқтады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексінің 112-бабы бойынша өндірісті тоқтатқан жұмыс берушілерді қызметкерлерге ең төменгі жалақыны төлеуге міндеттеді. Білім саласындағы кәсіпкерлер қоластындағыларға ең төменгі жалақыны төлей алмай отыр. Табыссыз қалғандар 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді бір-ақ рет алыпты.

42 500 теңгені екінші рет алайық десек, өтінішіміз қабылданбады. Себебі біз компанияның кірісін көрсете алмаймыз, жұмыс тоқтап тұр. Қазір ірі компанияларға мемлекет көмектесіп жатыр. Ал жеке білім беру орындарына ешқандай жеңілдік жоқ. Біз болсақ, жалға алып отырған кеңсенің ақысын, салықты, коммунал сала шығынын және банктің қызмет ақысын төлеуіміз керек, — дейді Александр Геркулес.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жекеменшік сектордағы жұмыссыз қалған мұғалімдер отбасын асырау үшін қара жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр. Олар бұл жағдай педагогтар мәртебесі мен беделіне нұқсан келтіріп отыр деп есептейді.

Кәсіпкер Алуа Рудар балаларға арналған орталықтардың жабық болуы олардың үйде қараусыз қалып, жазатайым оқиғаларға ұшырауына ықпал ететінін айтты.

2019 жылы Қазақстанда 100-ден астам бала терезеден төменге құлап кеткен. Дамыту орталықтарына бармаған жасөспірімдер арасында жарақат алу мен қылмыс жағдайлары да көбеюі мүмкін.

Ата-ана баланы барлық жағдайда қорғай алмайды. Сондықтан балалардың қауіпсіз ортада өсуіне ерекше назар аударуымыз керек. Билік өкілдерінің спорт мекемелерін ашпай, балабақша жұмысын шектеуі баланың дамуына, өсіп-жетілуіне кедергі келтіреді, — дейді Алуа Рудар.

«Қайрат Иманалиев атындағы мүгедектігі бар адамдар құқығы жөніндегі комиссия» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, заңгер Айгүл Шәкібаеваның айтуынша, карантин кезінде бәрінен бұрын арнайы мамандардың көмегіне мұқтаж балалар қиналып отыр. Кей балаға ата-анамен, мұғаліммен бірге психологтың, логопедтің, ортопедтің, дефектологтың және тағы басқа мамандардың көмегі қажет.

6 сәуірде Бас мемлекеттік санитар дәрігер аутизммен ауыратын балалардың далада серуендеуіне рұқсат берді. Карантин жеңілдеуіне байланысты біраз мекеме ашылып, ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-анасы жұмысқа шығып кетті. Ал дамуында ауытқуы бар бала қанша жаста болса да, үйде жалғыз қалмауы керек. Сондықтан арнайы органдардан психикасы мен сөйлеуінің дамуында кінәраты бар балаларға арналған мекемелердің жұмысына рұқсат беруді сұраймыз, — дейді Айгүл Шәкібаева.

Бастамашыл топ өкілдері білім берумен, қосымша білім берумен және балаларды дамытумен айналысатын кәсіпорындар карантинді тоқтатып, қызметіне кіріспесе, сектор түгел күйрейтінін айтып отыр.