Саясат Нұрбек: Енді білім саласында жеке инвестор көбейеді

Саясат Нұрбек Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет саясатын білім беру мен адам капиталын дамытуға бұруы дұрыс шешім деп есептейді. Себебі дүниежүзіндегі бәсекеге қабілетті елдер, айталық,  Қытай, Тайвань, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Ұлыбритания және Скандинавия елдері білім беруге ерекше ден қояды.

Ұлттық кеңес мүшесінің айтуынша, елімізде адамды маман етіп шығармайтын, оған құр диплом беретін оқу орындарының болуы өте қауіпті.

Жоғары оқу орындарының саны қысқарады. Осыған қатысты Президент қатаң ескерту айтты. Өкінішке қарай, біздің университеттер тек диплом береді, ал нарықта маман тапшы. Диплом алған маман тиісті кәсіби білімі болмағанынан жұмысқа орналаса алмайды. Кәсіптік-техникалық білім беруді дамытуға да көңіл бөлуіміз керек, — дейді ол.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Президенттің педагогтарға талапты күшейтіп, олардың мәртебесін арттыру және еңбегін мемлекеттік наградамен бағалау туралы тапсырмасы да өте маңызды.

Мұғалімге құрмет педагогика бойынша білім алатын студенттерден басталады. Педагогика университеттерінің санын қысқартып, педагог мамандарға талапты күшейту еліміздегі білім саласын арттыруға көмектеседі. Осы мамандық бойынша стипендияны 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеру де — мұғалімге деген жанашырлық, — дейді ұлттық кеңес мүшесі.

Саясат Нұрбек Президент тапсырмасынан соң білім беру инфрақұрылымын салуға қаржы бөлу мәселесі шешілетінін айтты. Енді мұндай жобалар бұрынғыдай мемлекет бюджетіне ғана тәуелді болып, қазынаға салмақ салмайды.

Елімізде орта білім беру инфрақұрылымы өте нашар. Осыған байланысты 2025 жылға дейін жаңа мектептер мен басқа да оқу орындары салынады. Балабақшалар да мемлекет саясатынан тыс қалмауы керек. Бізге осындай мекемелер, мүмкіндіктер жетпей тұрған еді. Мемлекет өзі айтқан инфрақұрылымды сала алмай жатыр. Енді жеке инвесторлар, кәсіп иелері білім саласына көбірек атсалысады, — дейді ол.

27 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің үшінші отырысын өткізді. Президент білім беру саласының негізгі проблемаларына айрықша көңіл аударды.