Президент жастарды белгілі бір кәсіпке баулу туралы тапсырма берді

Президенттің айтуынша, Қазақстанда балаларды ерте жастан дамыту жүйесі халықаралық стандарттарға сай келмейді.

Біз мектепке дейінгі білім беруді белсенді дамытып, оны мектеп бағдарламасымен сабақтастыруымыз керек. Алдағы уақытта 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 100% қамтылады. Сонымен бірге бізде әзірше мектепке дейінгі дамытудың толыққанды моделі жоқ. Үкімет оны осы жылдың соңына дейін әзірлеуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы балаларды қосымша білім берумен мейлінше қамту керек екенін айтты. Бұл олардың спорт, шығармашылық, интеллект бойынша потенциалын ашу үшін аса қажет.

Бұл мақсатта қамту деңгейін кеңейтіп, жеке бастамаларды қолдау қажет. Мемлекеттік тапсырыс қосымша білім беретін жеке ұйымдарда неғұрлым тиімді шарттармен іске асырылуы керек, әсіресе бұл ауылдарға шағын қалалар мен моноқалаларға қатысты, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жөнінде де тапсырма берді.

«Жас маман» жобасы шеңберінде біз 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартып жатырмыз. Жыл сайын 100 мың студентке тегін кәсіптік-техникалық білім беріледі. NEET санатындағы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары мен ауыл жастарына ерекше көңіл бөлу керек. Үкімет техникалық және кәсіптік білімі бар маман даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемін, әсіресе осы аталған санат үшін арттыру мәселесін қарастыруға тиіс, — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі кәсіби бағдар беру жүйесі еңбек нарығының алдағы 10-15 жылдағы сұранысы қандай болатынын ескеруі керек. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласын енгізуге тиіс. Сонымен бірге Президент Білім және ғылым министрлігі мен Қорғаныс министрлігіне әскерге баратын жастарды белгілі бір кәсіпке баулу мәселесін ойластыруды кәсіптапсырды.