Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім берудегі кемшіліктің себебін айтты

Президенттің айтуынша, Қазақстанда мектеп оқушыларының білім деңгейі мәз емес.

Оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасының (PISA) мәліметінше, Қазақстан бұл жағынан дамыған елдерден айтарлықтай кейінге қалып отыр. Бұған көп түсінік беруге болады. Негізгі себеп — білім беруге қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі және осы өте маңызды салада жүйелілік пен реформалардың ойланбай жасалуы. Ал білім беру — экономиканың маңызды салаларының бірі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қала мен ауыл мектептері арасындағы айырманы жоюды тағы айтты. Бұл мәселені ол былтыр тамыз мәслихатында да айтқан еді.

PISA мәліметінше, қазір бұл айырма — 1,5 жыл. Балалардың бәрі тұрып жатқан жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бірдей сапалы білім алуы керек. Бірқатар мемлекетте осындай үрдіс, яғни қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық бар екенін айта кеткен жөн. Бұл жерде ахуалға тура, шынайы қарап, драмаламау керек. Шара қолдану керек. Осы айырманы жою үшін ауылдағы шағын мектептерге білікті мамандарды жіберген дұрыс, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім деңгейін арттыру үшін педагогика мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін арттыру керек екенін айтты. Оның пікірінше, білім беру инфрақұрылымдарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жақсартып, білім беруге инвестиция тартуда жан басы бойынша қаржыландыру нормативтерін, қаржыландыру сомасы мен құрылымдарын өзгерту қажет.