Президент Нұр-Сұлтан әкіміне құрылыс көлемін арттыруды тапсырды

Алтай Көлгіновтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысы жанданды, баспана кезегінде тұрған азаматтар мен халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған тобына 8 мың пәтер пайдалануға беріледі.

Әкім Президентке үлескерлердің проблемасын шешу мен бітпей қалған тұрғын үй құрылысына қатысты ахуалды реттеу туралы мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмыспен қамту жол картасының орындалуын ерекше бақылауда ұстау және мектептер мен оңалту орталығын салу, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, көшелерді, тұрғын үй алаптары мен қоғамдық орындарды абаттандыру сияқты инфрақұрылым жобаларын сапалы іске асыру қажет екенін айтты. Кездесуде инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік жағдайы нашар азаматтарға көмек беру мәселелері де талқыланды.

Президент Нұр-Сұлтан әкіміне құрылыс секторындағы жұмыс көлемін арттыруды, үш ауысымдағы мектептер мәселесін шұғыл шешуді және қаланың жұмыссыз тұрғындарын еңбекпен қамтуды тапсырды.