Полиция департаментінің хабарлауынша, 25 мамырда сағат 05.26-да Қожабеков көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан BMW Алматы облысына қарасты Көксай ықшамауданының Жаңа ғасыр көшесімен қиылыстағы №4 бақылау-өткізу бекетіне соғылған. Жүргізуші — Алматының 1992 жылы туған тұрғыны, ол әуелі бетон қоршауды, кейін инерциямен екі полиция қызметкері отырған патруль көлігін қаққан.
Патрульдердің бірі, 42 жастағы полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев оқиға орнында, ал оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Абдықанов ауруханада қайтыс болды. Оқиға салдарынан тағы бір полицей зардап шекті, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Ербұлан Сейдәзім реанимацияға түскен.
BMW жүргізушісі қамауға алынды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Жарас Жанғазиев 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Ішкі істер органдарында 19 жылдан бері жұмыс істеген. Екі баласы бар.
Дастан Абдықанов 1994 жылы Алматыда туған. Ішкі істер органдарындағы тәжірибесі — 4 жыл. Бір айға толған сәбиі бар.
Алматы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қызмет барысында қайтыс болған Жарас Жанғазиев пен Дастан Абдықановтың отбасына көңіл айтып, қайғыға ортақтасатынын хабарлады.