Атырауда заңгер кеңесіне сұраныс көп

«Адамгершілік» қоғамдық қорының заңгер кабинеті халықтың сұранысына ие. Заңгер кабинеті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы «Атырау облысы бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау саласында халықтың құқық сауатын арттыру бойынша іс-шаралар өткізу» тақырыбындағы мемлекеттік гранты аясында жұмыс істеп жатыр.

Қала тұрғындары кабинетке несие бойынша төлеген комиссияны қайтару, тауарлар мен әртүрлі қызмет алуға қатысты мәселемен келіп жатыр. Қордың жетекшісі, заңгер Салтанат Рахимованың айтуынша, жоба тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған. Кабинеттегі тәжірибелі заңгерлер құқықтық кеңеске мұқтаж, аз қамтылған отбасыларға көмек беруден бас тартпайды. Жол-көлік қозғалысы, қылмыстық құқық, сақтандыру мәселелері, банктермен және коллекторлармен келіспеушілік, еңбек даулары және отбасының құқық қатынастары бойынша кеңес тегін беріледі.

Кеңес алуға келген тұрғынның көпшілігі мәселесінің шешіп, ризашылығын білдіріп жатыр. Бұл жоба тұрғындардың сұранысы бойынша жыл соңына дейін жалғсады, — деді қордың заңгері Дария Олжағалиева.

Оған қоса, қор сайтына кез келген адам заңға қатысты сұрақ қойып, оған 10 күн ішінде жауап ала алады.