Басты бетҚоғамАлматы облысының...

Алматы облысының дәрігерлері бір айлық сәбиді коронавирустан емдеді

Бүгін Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 14 адам ауруханадан шығарылды. Емделіп шыққан 14 адамның 9-ы – бір отбасының мүшелері.

Отбасында вирус жұқтырғандардың қатарында 2017 жылы, 2014 жылы, 2012 жылы туған балалармен қатар 2020 жылдың 26 наурыз күні  дүниеге келген  бір айлық сәби де бар, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухананың директоры Жамила Абеуова коронавирус диагнозымен түскен ең кішкентай пациентті дәрігерлер ерекше бақылауға алғанын айтты.

Бала ауруханаға түскен кезде туғанына 18 күн ғана болған. Сондықтан ерекше бақылауға алып, күнделікті емдеу тәсілін дәрігерлермен талқылап отырдық. Балада ем қабылдау кезінде ешқандай қиындық туған жоқ. Бала анасының жанында болды. Ауруханадағы 20 күн ішінде 1 келі салмақ қосты. Қазір жағдайы жақсы, – дейді бас дәрігер.

Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында 16 сәуір күні тіркелген 2 адамның бірі 73 жастағы қария болса, бірі — 1992 жылы туған Есік тұрғыны. Дәрігерлер қария коронавирус инфекциясынан толық емделіп шыққанын айтады.

Ал Қаскелең қалалық инфекциялық ауруханасында 17 сәуірден бастап ем қабылдаған Қарасай ауданының 1971, 1967, 1985 жылы туған тұрғындары  бүгін толықтай жазылып шықты.

Бұл екі ауданның емделушілеріне 1 мамыр күні жүргізілген қайта талдау қорытындылары теріс нәтиже көрсетті.

Атап өтсек, Еңбекшіқазақ ауданында жазылып шыққандардың барлығы — Рахат ауылдық округіне қарасты «Көксай», «Береке», «Алтын Алма», «Алтын Адам» саяжайларының тұрғындары. Аталған саяжайларда аурудың жаңа жағдайы тіркелмегендіктен, олардағы карантин алынып тасталды.

COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша эпидемологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты карантин шараларының режимі мен мерзімі өзгеруі мүмкін. Бірақ жалпы карантин талаптары сақталады.

Қазіргі уақытта Алматы облысында коронавирус диагнозымен 149 адам тіркелді. Оның 28-і емделіп шықты.