Басты бетЖаңалықтарЕкпе салынбаған...

Екпе салынбаған баланы балабақшаға қандай шартпен қабылдайды?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екпе егуге ешкімді мәжбүрлемейтінін айтты.

Екпе адам өмірін сақтап қалатындықтан міндетті саналады, бірақ бұл біз адамдарға күштеп екпе саламыз деген сөз емес. Тек сот шешімімен ғана мәжбүрлі ем қабылдатуға болады. Кодекс жобасы бойынша кез келген азамат кез келген медициналық көмек алуына немесе одан бас тартуына болады, — деді министр.

Елжан Біртанов балабақшаға екпе салынбаған баланы қабылдау шарты туралы да айтты. Оның айтуынша, екпе салынбаған балада инфекция болып, ол балабақшадағы қатарластарына жұқтыруы мүмкін.

Біз екпе салынбаған баланы өзгелерге қауіп тудырмас үшін балабақшаға қабылдамауды ұсынғанбыз, бірақ бұл норма қабылданбады, — деді министр.

Кодекс балабақшасында екпе салынбаған бірнеше бала болса, келесі екпе салынбаған баланы қабылдамауға мекеме директорына құқық береді. Бұл кодекс жобасын Президент мақұлдаса, мектепке дейінгі мекемелердегі індет үшін сол ғимараттың директорлары жауап береді.

Балабақшада екпе салынбаған бала көп болса, бұған басшылық жауап береді. Бұл әсіресе көп қадағалана бермейтін жекеменшік балабақшаларға қатысты. Біз бар болғаны ауру түрі бойынша ұжымдық иммунитет деңгейін белгілейтінімізді айттық. Ол бойынша екпе салынбаған белгілі бір бала санын балабақшаға қабылдау рұқсат етіледі. Кодекс қабылданған соң әр ауруға қатысты ұжымдық иммунитет деңгейі белгілі болады, — деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, елде балалардың 95-97%-і екпе салдырса, 3-5%-і салдырмайды.

Бұған дейін Мәжіліс «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» деп аталатын жаңа кодекс жобасын мақұлдағаны туралы хабарланған еді. Жобада балаларға екпе салдыруды міндеттеу қарастырылған.