Ресми статистика бойынша соңғы бес жылдың ішінде екпеден бас тартқандардың саны еселеп өсіп отыр. Мысалы, былтырмен салыстырғанда 3000-нан 9700-ге артқан.

Әрине, әр ата-ананың баласына екпе салдырмауға құқығы бар. Себебі олар 18 жасқа дейін өз баласының өмірі мен денсаулығына жауапты. Бірақ екпеден бас тартуға бел буған адам оның заңды және медициналық тұрғыдан саналы қадам екеніне көз жеткізуі керек. Болашақта емханалармен, балабақшамен және мектеппен ешқандай қиындықтар туындамауы үшін дұрыс рәсімделуі тиіс.

Екпе
Стати́стика. Фото: Qazaqtimes.com

ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 156-бабына сәйкес, дәрігер профилактикалық екпе салар алдында адамды толығымен тексереді. Екпенің салыну мақсатын, оның жанама әсерлері мен асқынған жағдайда не істеу керектігін, одан бас тарту салдары туралы толық ақпарат береді.

Екпеден бас тартқан жағдайда оның себебін жазбаша түрде жазып беру керек.

Екпеден бас тартуға бола ма?

Еліміздің аумағындағы әр адам тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпелер алуға құқылы.

Жұқпалы аурулардың ұшқыны болмас үшін балалар балабақшаға екпе алғаннан кейін қабылданады. Екпемен қорғалмаған балалар жұқпалы аурулар тіркелген сайын карантин аяқталғанша балабақшаға бармайды.

Егер ата-ана баласына екпе салдыртудан бас тартса, оның шешімі медициналық құжаттарға жазылуы тиіс. Ата-ана мен медициналық қызметкер осы жазбаның астына қолдарын қоюы қажет. Сонымен бірге міндетті түрде бұл шешімнің мүмкін болатын салдарлары көрсетіледі.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Екпеден бас тартудың салдары қандай?

  • Бала ауырып қалса, отбасы мүшелеріне де жұқтырады. Салдары қайғылы аяқталуы ықтимал. Мысалы, полиомиелитпен ауырған бала мүгедек болып қалуы мүмкін;
  • Белгілі бір елдерге шығуға тыйым салынады. Нақты профилактикалық екпе алған адамдар ғана бара алатын елдердің тізімі бар;
  • Жұқпалы аурумен ауыру қаупі жоғары орындарға жұмысқа алынбайды.

Біраз уақыт бұрын педиатр Сандуғаш Нұртасқызынан сұхбат алған едік. Оның айтуынша, екпе жасаудан бас тарту баланың болашағы үшін өте қауіпті.

Егер дәрігерге күмәндансаңыз, одан екпе несімен қауіпті, екпеден кейін болатын түрлі келеңсіздіктің алдын алу үшін қандай шара қолдану керек екенін және қалыпты жағдайда болатын өзгерістер туралы сұраңыз. Көбіне аналар «бала екпені көтере алмайды, кері әсері болуы мүмкін» деп қорқады. Ағзаның екпеге қарсы жауап беруі сол сәттегі баланың жағдайына тікелей байланысты. Егер бала екпе кезінде тек ана сүтімен қоректенсе, анасы оның денсаулығына асқан жауапкершілікпен қараса, екпенің кері әсері болмауы тиіс, — деп түсіндірді маман.

Сандуғаш Нұртасқызы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Екпеден бас тартқанда мектеп пен балабақшаға қабылдамай ма?

Ата-ана балаға екпе салдыратын-салдырмайтынын өзі шешеді. Қазір елімізде екпе салынбаған баланың балабақшаға немесе мектепке бару құқығын шектейтін заң жоқ. Сондықтан екпе салдырмау балаңызды балабақша немесе мектепке қабылдамауға себеп бола алмайды.

Балаға қай уақыттан бастап екпе салдыру керек?

Екпе
Фото: qazaqtimes.com

Қазақстанда егу жүргізілетін инфекциялардың тізбесі ҚР Үкіметінің 2009 жылдың 30 желтоқсанындағы № 2295 «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» қаулысымен бекітіледі.

Материал egov.kz порталының және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мәліметтері бойынша әзірленді.