Әсел Сайлауова, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы:

Әсел Сайлауова. Фото жеке архивінен

Театрға жаңа кірген артистерді «пропискаға отырғызу» деген дәстүр бар. Бұрыннан істейтін актер-актрисалар қойылым кезінде сені сценарийде жоқ ситуацияға тастай салады. Театрға 2015 жылы кірдім. «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» деген қойылым жүріп жатқан. Басты рольде Азамат Сатыбалды ойнайды. Мен көпшілік көріністе билейтін болдым. Спектакльді сахна сыртында қарап, билейтін уақытты күтіп тұрғанмын. Азамат аға сахнаға шығып жатып, қолымнан мықтап ұстап, өзімен алып кетті. Сахнаның дәл ортасына дейін апарды да, мені тастай салып, ролін ойнап жатыр. Артында аяқ-қолым сіресіп, қатып тұрмын. Залда актерлар да отырған. Олар тырқылдап күледі, онысын көріп, көзім одан сайын алаң-алаң етеді. Сахна сыртында Ажарлым Мағзұм есімді актриса тұрған, маған «Әсел, қаш, қаш» деп қолын сермейді. Келген жағыма қайтуға болады ғой. Жоқ, сахнаға қалай жүгіріп шықтым, дәл солай тарсылдап, арғы бетке қарай қаштым. Үстімде сап-сары көйлек. Артымда Бақтияр Қожа мен Данагүл Темірсұлтанова есімді артистер ойнап жатыр. Менің жүгіріп бара жатқанымды көріп, Данагүл апай: «Ауылға «кришнаиттар» қайдан келіп қалды?» — деп ойнатып жіберді. Сөйтіп, театрдың «пропискасына» отырғанбыз».

Былтыр «Қобыланды» спектаклінде Көклан деген тылсым кейіпкерді сомдадым. Аппақ киініп алғам, қас, кірпігім де, шашым да ақ. Қойылымды осы кейіпкер бастап, аяқтайды. Көбіне беліме арқан байлап, ұшып жүремін. Рамазан айы болатын, ораза ұстадық. Монологтардан соң шаршап қалдым. Грим бөлмесіне барып, демала тұрайын дедім. Басымды қолыма қойып, көзімді жұмғаным сол еді, ұйықтап кетіппін. Біреу жұлқып оятады. Образымнан қорқып тұрса керек, «Әсел, Әсел» деп оятқанымен сәл арырақ тұрып: «Сіздің сахнаңыз ғой, шығыңыз», — дейді. Мен ұйқылы-ояу оның сөзіне мән беріп тұрғаным жоқ. Есімді жиып, алып ұшып сахнаға жетсем, қойылым аяқталып, перделер жабылып жатыр екен. Аяқ-қолымның қатты дірілдегені есімде. Ләззат Қалдыбекова мен Назгүл Қарабалина есімді актрисалармен диалогымыз бар-тын. Олар Көкланды «Ана» деп атайды. Сахнаға шығып алып, мені былай іздеген, олай іздеген, таппаған соң өзара диалог жасапты. Бұған дейін анау-мынау қате жіберген емеспін. Жұмысқа кешікпеймін. Содан болар мұныма бәрі кешіріммен қарады.

Дәурен Серғазин, Жастар театрының актеры:

Дәурен Серғазин. Фото жеке архивінен

«Ревизор» спектаклі қойылып жатқанда кенет театрда жарық сөніп қалды. Айнала қап-қараңғы. Көрермен тұрмақ сахнадағылар бір-бірімізді көрмей тұрмыз. Бірақ үндемей қаламыз ба? Түк болмағандай ойынымызды жалғастыра бердік. Бізді көрермендер құтқарды. Телефонының шамын қосып, сахнаға жарық түсірді. Көрермен түсірген шаммен қойылымның 15-20 минутын ойнап шықтық.

Тағы бірде Алматы облысындағы Жаркент жақта гастрольдік сапармен жүргенбіз. Сахнада «Диляфруздың төрт күйеуі» қойылымы болып жатыр. Сценарий бойынша жасы 50-ге тақаған ер кісі тұрмысқа шықпаған қызға сөз салып, келіп тұр. Бойжеткен келісімін бермейді. Ойламаған жерден әлгі 50 жастағы кісінің кішкентай екі інісі залдан сахнаға жүгіріп шықты. Бұл сценарийде жоқ. Актриса да тосылмады: «Өзінің балалары бар екен, көрдіңіз бе?» — деп жылап, сахнадан кетіп қалды. Солайша ситуациядан шығып кеткені бар.

«Ревизор» қойылымында басты кейіпкер — Иван Хлестаковты ойнаймын. Қозғалысы көп, секіріп, билеп, жүріп, жүгіріп, ән айтатын образ еді. Ролімді ойнап жатырмын, бір кезде секіргенім сол еді, шалбардың ауы жыртылып кетті. Арт жағы да сөгілді. Абырой болғанда көрермен байқаған жоқ. Сол сахнаны жарты сағат ойнауым керек. Менен басқа ешкім сөйлемейді, монолог оқимын, жұртпен ойнап-күлемін, бір орында тұрмауым керек. Шалбар жыртылған соң көрерменге арқамды бере алмадым. Артқа жүру керек болса да, жанға жүрсем де бір қырыммен қозғаламын. Көңіл-күйім түсіп бара жатыр, бірақ амал жоқ, ойнау керек. Сахнадан шығып кете алмаймын, шалбарымды ауыстыра алмаймын. Сөйтіп, көрерменге білдірмей жыртық шалбармен ойнап шықтық.

Айнұр Бермұхамбетова, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актрисасы:

Айнұр Бермұхамбетова. Фото жеке архивінен

Бізде «Башмағым» деген музыкалық спектакль болған. Мен басты кейіпкер — Сәруарды сомдадым. Қойылым соңында ғашығыммен қосылып, сахнаның түкпірінен авансахнаға дейін қол ұстасып, ән айтамыз. Әннің әр жолын кезек-кезек шырқаймыз. Партнерым «А-а-а…» деп ән айтып жатқанда, неге екенін білмеймін, ауызына көзім түсіп кетті. Қарасам, тістері қап-қара, көбісіне құрт түскен екен. Ішегімді тартып, шошып кеттім. Ары қарай әнімді айта алмай қалдым. Көзім бақырайып кеткен. Партнерыма бір, көрерменге бір қараймын. Менің кезегім келгенде маған «неге айтпай тұрсың?» дегендей ишара білдіреді. Мен жұмған ауызымды аша алмаймын. Сосын әнді түгел өзі айтып шықты. Арасында мен айтуым керек «әй, жігітім» деп басталатын жолдарды да өзі шырқады. Қойылымнан соң грим бөлмесіне бардық. Ол: «Жаңа әнді неге айтпадың?» — деді. Мен жауап бере алмай тырқылдап күле берем, күле берем. Бір жағы, қалай түсіндірерімді білмей тұрмын. «Сен ренжімеші, тек тісіңді жөндетші», — деппін.

Айгүл Иманбаеваның театрында «Федра» деген спектакльде Олжас Жақыпбек есімді актер екеуміз ғана ойнадық. Сценарий бойынша шеше өгей ұлына ғашық болады. Қойылым ежелгі Грекия мифологиясына негізделген, Ариэль, Геракл, махаббат Құдайы — Афродита сияқты кейіпкерлер бар. Соларды тірілтуге тырыстық. Афродита роліне кәдімгі тірі тауықты сахнаға алып шықтық. Баласына ғашық болу деген ессіздік қой. Сол себепті  спектакльде махаббат Құдайын миы шамалы тауыққа теңеген. Тауықтың аяғын тұсаулап алған едік, бірақ сахнаға шығарда Олжас: «Өзі жуас екен, тұсауламай-ақ шығара берейік», — деп жібін шешті. Сахнада тауықты ұстап, оған әңгімемді айтамын да Олжасқа лақтырамын. Әлгі жуас тауығым партнерыма ұстатпай кетті. Ә дегеннен көрермен залына жүгірді. Сахнадан секіріп түсіп, тауықтың артынан Олжас кетті. Залда тауықты «цып-цып-цып» деп шақырып жүр. Ақыры ұстап алды. Негізі қойылымды Мәскеуден келген комиссия алдында қойып жатырмыз. Күндіз қойғандықтан көрермен бірен-саран. Бәрінің көзі тауық пен Олжаста. Партнерым тауықты қайта маған беретін сахна бар. Сөйткен тауығым «ғұт-ғұт-ғұтқа» басты. Көрерменге менің дауысымды естіртпеді. Болмаған соң тұмсығын қолыммен басып: «Үніңді өшірші, Афродита», — деп айқайладым. Негізі сценарийде ондай сөзім жоқ. Қалай екенін білмеймін, сол сахна соңына дейін тауығым үн шығармады. Сөйтсем, жұрт мені тауықты өлтіріп қойды деп ойлапты. «Ойбай, өлтірмедік» деп, көрермен қайтуға ыңғайланғанда тауығымызды құшақтап, сыртқа шықтық. Әйтеуір, тауықтың тірі екеніне бәрінің көзін жеткізіп, көңіліміз орнына түсті.