Қызылорда облысында 276 инфрақұрылым жобасы іске асады

Биыл Қызылорда облысында «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 9299 жұмыс орны ашылып, 500-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

Бағдарламаның мақсаты – жұмыссыздық деңгейін төмендету, кадр әлеуетін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру. Сонымен қатар жол картасында мынадай жұмыс түрлері мен объектілер бойынша инфрақұрылымдық жобалардың тізімі ұсынылды. Олар:

1) әлеуметтік-мәдениет объектілерін — білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;

2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері, көппәтерлі тұрғын үйлер) күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу;

3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын (кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығы объектілері және құрылыстары) күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;

4) елді мекендерді абаттандыру, яғни аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңқайларын жайластыру.

Жобаларды іске асыру кезінде жұмыссыз жастарға, оның ішінде денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға студенттерді жұмысқа орналастыруға басымдық беріледі.

Бағдарламаға қатысу үшін сіз алдын ала жұмыссыз тұлға ретінде жұмыспен қамту орталығына хабарласып, тіркелуіңізге болады.