Қызылордада волонтерлар мұқтаж отбасыларға үшінші баспананы салып жатыр

Бұл — «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының еріктілер тобының бастамасы. Бұған дейін еріктілер қазақ халқының асар әдісін жаңғырту арқылы екі баспана салып, оны жағдайы төмен екі отбасына тарту етті. Атап айтқанда, алғашқы жылы жалғызбасты ана Ақзила Исамаметоваға баспана берілсе, былтыр жаңа тұрғын үй кілтіне екінші топ мүгедегі, жалғызбасты ана Анар Беласарова ие болды.

Біздің бұл ісіміз аудан тұрғындары тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр. Асар әдісі арқылы әрбір азамат өзінің қолында бар дүниені баспана салуға әкеп береді. Бұл орайда жергілікті тұрғындардың ерекше белсенділігін айта кеткеніміз абзал. Әрбір баспананы салу барысында еріктілер тобының мүшесі Данияр Досантаевтың еңбегі ерекше. Ол іргетастың қаланған сәтінен тұрғын үй салынып біткенше істің басы-қасында жүрді. Қоғамдық қор төрағасы Еркінбек Айнақожаев және өзге де жігіттердің жанашырлығы арқасында осылайша жылма-жыл мұқтаж жандарға тұрғын үй салу ісі жолға қойылды, — деді еріктілер тобының мүшесі Әбдісамат Әбдіш.