Елімізде жасанды интеллектіні қолданудың жалпы экономикалық әсері — жылына шамамен 25 миллиард доллар. Әлемдік ахуалға қарамастан Қазақстандағы ақпараттық технологиялар нарығындағы IT-компаниялар мемлекеттік сектор, бизнес өкілдері және азаматтар үшін көптеген жобаны ойлап тауып жатыр.
Төтенше жағдай жарияланғаннан бері экономиканың біраз саласы тұралап қалды. Әсіресе, сауда орталықтары, ойын-сауық, қоғамдық тамақтану орындары, транспорт жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Бірақ елімізде денсаулық сақтау, білім беру, онлай-сауда және мемлекеттік қызметтерді қашықтан пайдалану деңгейі жоғарлаған. Бүгінде отандық IT-компаниялар әзірлеген 53 жобаның 15-і денсаулық сақтау саласында қолданылып жүр.
Мемлекеттік қызметтер
Қазақстанда ақпараттық технологиялар нарығындағы ірі компаниялардың бірі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы озық IT-шешімдерді ұсынып отыр. Мәселен, төтенше жағдай кезеңінде азаматтарға «электрон үкімет» порталы арқылы әлеуметтік төлемақы (42 500 теңге) алуға электрон өтініш беру процесін айтуға болады. Оңтайландырылған қызмет бойынша Қазақстанда әлеуметтік төлем алуға 8 миллионға жуық азамат өтініш берген. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде IT-мамандардың ұтымды шешімдерінің бірі – ЭЦҚ-ны онлайн түрде алу жиілігі артқан. Жыл басынан бері 10 миллионнан астам қазақстандық үйлерінен шықпай-ақ, электрон қолтаңбаға ие болған.
Бүгінде «Электрон үкімет» порталында мемлекеттік қызметтердің 80%-і автоматтандырылған. Оларды eGov.kz порталынан, eGovMobile мобайл қосымшасынан және Telegram, Facebook, ВКонтакте мессенджерлеріндегі чат-боттардан да алуға болады.
Денсаулықты қашықтан бақылау
«ҰАТ» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе «Электрон үкімет» порталының eGovMobile қосымшасында COVID-19 белгілерін алдын ала анықтау үшін онлайн-сауалнама қызметін енгізді.
Медицина мекемесіне жүгінбестен қарапайым халық қосымшаның көмегі арқылы коронавирусқа қатысты барлық ақпаратты ала алады. Коронавирус белгілерін өздігінен диагностикалаудың онлайн қызметі eGovMobile басты бетінде, «COVID-19 белгілері бойынша сауалнама» жеке батырмасы түрінде орналасқан және үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) қолжетімді. Сауалнаманы толтыруда азаматтар бар жоғы 12 сұраққа жауап беруге тиіс. Толтырылған сауалнама тікелей ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі.
«COVID-19 туралы FAQ» қызметі де қосымшаның басты бетінде жеке батырма түрінде орналасқан. Онда азаматтар індетке қатысты қойылатын барлық сауалдардың жауабын ала алады. Сондай-ақ «COVID-19 картасы» қызметі сол сәттегі Қазақстан аумағындағы індетті жұқтырғандар мен олармен байланыста болған адамдар туралы нақты, сенімді ақпараттарды көруге болады.
Сонымен қатар коронавирустық инфекцияға жедел тест тапсыру үшін электронды сауалнамадан өтуді қалайтындар formcovid.eisz.kz қосымшасын пайдаланды. Сондай-ақ карантин кезінде дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағаларын тексеруге арналған мобильді қосымша іске қосылды. DariKz көмегімен Қазақстанның кез келген азаматы республикада тіркелген дәрі-дәрмектердің бағаларын көре алады.
Қашықтан білім алу
СOVID-2019 коронавирустық инфекцияның пайда болуы — білім беру жүйесіне қашықтан оқыту үдерісін енгізді. Сондықтан елімізде білім саласында жеті қосымша іске қосылды. Олардың ішінде танымал Bilimland, Kundelik, Platonus немесе Daryn.online білім платформалары бар.
Карантин кезінде Kundelik — танымал платформалардың біріне айналды. Педагогтар мен ата-аналарды және оқушылдарды бір арнаға тоғыстырған ақпараттық жүйе арқылы Төтенше жағдай кезінде 3,2 миллион оқушы білім алған. Бұл платформаға бір күнде 2,2 миллион оқушы кірген. Дәл осы платформада 32 миллион сессия жүргізілген.
Сонымен қатар Daryn.Оnline карантин кезінде балаларға сабақты қайталап оқуға мүмкіндік берді. Әрбір тақырып 5 минуттық видеода түсірілген. Видео соңында тақырыпты бекіту үшін тест сұрақтары қойылады. Дұрыс жауапқа 1d ұпайы беріледі. Видео сабақтарды қайталап көруге болатын қолайлы Daryn.Online платформасында 300 мыңдай бала оқыған.
Танымал әрі қызық ресурстардың бірі – Bilimland. Төтенше жағдай кезінде осы ресурсты 400 мыңнан астам оқушы пайдаланды. Онда жаңартылған бағдарламаға сәйкес әзірленген мектеп пәндерінің интерактивті сабақтары орналастырылған. Сондай-ақ платформа арқылы қатемен жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылған.
Ал ЖОО-ның білім алушыларына тиімді платформаның бірі Platonus — білім алу кезіндегі міндеттерді бірге шешуге және оқытушы мен студент, студент пен оқытушының кез келген форматтағы ақпараттық файлдармен алмасуын жүзеге асырады. Карантин уақытысында платформа арқылы студенттер үйден шықпай онлайн-емтихан тапсырады.
Онлайн-сауда
Төтенше жағдай кезінде еліміздегі онлай-сауда жасайтын кәсіпкерлердің саны 35-40%-ке артқан. Мәселен, Kaspi.kz-тің онлайн-сауда платформасы арқылы сауда жасаушылардың саны соң 4 айдың ішінде рекорд дәрежеге жеткен. Карантин кезінде жасалған тапсырыстардың 94% Kaspi.kz мобайл қосымшасы арқылы орындалған.
Сонымен қатар карантин уақытында азық-түлік өнімдерін үйден шықпай-ақ сатып алуға мүмкіндік туды. Осы орайда азық-түлікті үйге жеткізуге сұраныс деген карантин кезеңінде 5-8 есе артқан. Тұрғындар Мulmarket.club қосымшасының көмегіне жүгінді. Төтенше жағдай кезінде қосымша арқылы тапсырыс берушілер саны артып, курьерлер күніне 22-ден астам тапсырыс жеткізген.
Төтенше жағдай кезіне үйде отырып мейрамхана тағамдарына тапсырыс берушілердің де саны өскен. Chocofood.kz – интернет арқылы тағамға тапсырыс беру бойынша еліміздегі танымал платформалардың бірі. Карантин кезінде қосымша арқылы тапсырыс берушілердің саны 23,5% өскен.
Нұр-Сұлтанда Taxovichkof Astana сервисі карантин енгізілген сәттен бастап жоғары сұранысқа ие бола бастады. Вирустың таралуына қарамастан Taxovichkof Astana жүргізушілері қала ішінде өз жұмысын тоқтатпады.