Сенаторлар бейбіт жиынға қатысты заң жобасын өзгертуді ұсынды

Сенаторлар еліміздегі ірі қалалар мен облыс орталықтарынан бейбіт жиын, митинг өткізуге болатын кемінде үш мамандандырылған орынды анықтауды ұсынып отыр. Tengrinews.kz хабарлауынша, бейбіт жиынды ұйымдастырушыларға бет-әлпетті көрсетпейтін киім-кешек пайдалануға тыйым салынған. Сенаторлар осы мәселені де шолып шықты.

Заң жобасында бейбіт жиналыстарға қатысушылардан өз бетін бүркемеуін, оның ішінде бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды талап ету ұйымдастырушыға міндеттелген. Сол сияқты бейбіт жиналысты өткізу кезінде ұйымдастырушыға бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Комитет ұйымдастырушыға міндеттеліп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі кей жағдайда бейбіт жиналысқа қатысушылардың жеке қорғаныш құралдарын пайдаланатындай жағдай туындауы мүмкін. Ондай кезде заң жобасының жоғарыда аталған нормалары азаматтардың құқығын шектейді. Осындай негізбен заң жобасындағы бейбіт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға бағытталған жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкіндік беретін толықтыру ұсынылып отыр, — деді  Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сәрсенбай Еңсегенов.

Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасында қатысушылар зорлық-зомбылық жасаған жағдайда және бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты ұйымдастырушының талабын бұзған кезде бейбіт жиынды тоқтатпауды ұсынды. Депутаттардың айтуынша, оұның орнына қатысушы заң талабын бұзса, бейбіт жиналыстарға қатысуын шектейтін норма қарастыру керек. Сонда бейбіт жиын тоқтамай, әрі қарай жалғаса береді.

Бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында бейбіт жиындар туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді. Ол кезде заң жобасын бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев таныстырған.