Павлодар облысында полицейлер мен тұрғындар қақтығысып қалды

Бұл оқиға Павлодар облысының Береке ауылы маңында болған. Қақтығысты видеоға оқиға куәгерлері түсіріп алған. Видеода бір топ ер адам, полиция қызметкерлері және  жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері бар.

Облыстың полиция департаменті мәліметінше, қақтығысқа жергілікті ГРЭС-1 және ГРЭС-2 кәсіпорындарынан күл-қоқыс қалдығы заңсыз алынғаны себеп болған. Бұл әрекетке Береке ауылының шамамен 30 тұрғыны қатысты.

Департамент мәліметінше, видеода әуелі тұрғындардың полиция қызметкерлеріне қарсы шыққаны мен полицейлердің оларға бұл істің заңсыз екенін түсіндіріп жатқаны алынып тасталған. Сол себепті видеода полиция қызметкерлерінің ісі заңсыз болып көрініп тұр.

ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — деп хабарлайды аймақтағы полиция департаменті баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдері тұрғындарды тыныштандырып, жағдайды ушықтырмау үшін полицейлердің ауаға оқ атқанын айтты. Содан кейін қақтығыс тоқтады.