Елжан Біртанов медбикелерді кәсіби мерекемен құттықтады

Елжан Біртанов медбикелерді кәсіби мерекемен құттықтады. Ол Facebook-тегі парақшасында еңбек жолын мейіргер болып бастағанын, бұл жұмыста төзім мен шыдамдылықтың аса қажет екенін жазды.

Қымбатты, құрметті медбикелер! Сіздерді Халықаралық медбикелер күнімен құттықтаймын. Өзім де жұмысты Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада және Жедел медициналық көмек ауруханасында мейіргер болып бастадым, тәулігіне 24 сағат кезекшілікке түскенде төзім мен шыдамдылықтың аса қажет екенін өз тәжірибемнен жақсы білемін: түрлі процедура жасайсың, науқастарға дәрі егу, жан сақтау бөлмесіндегі жағдайы ауыр пациенттерді түнімен күзету қажет, мұндайда адамда «міндетімді сәтті атқарсам» деген ой ғана болады, — деп жазды Елжан Біртанов.

Оның сөзінше, медбикелер атқаратын жұмыс қайырымдылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделген. Бұл қасиеттер медициналық ақ халат киген әрбір маманға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Дүниежүзіндегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі медбике және олар денсаулық сақтау жүйесінде өмірлік маңызды қызмет атқарады. Көбіңіз осы мамандыққа әбден бейімделіп алдыңыз, тіпті, көмекке мұқтаж адамдарға шынайы қызмет ету — өмір сүру салтына айналды. Жалпы, науқасты емдеу ісінде мейірбикелердің еңбегі өте маңызды. Медбикелер адам денсаулығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрды. Бүкіл дүниежүзіндегі медбикелер COVID-19 қасқайып қарсы шықты. Еліміздегі мейірбикелер мен мейіргерлерге министрліктің атынан алғыс білдіремін. Өз істеріңзге деген адалдық пен пациенттерге деген қайырымға, мейірімге толы қарым-қатынастарыңыз үшін көп рақмет, — деп жазды ол.