3 мамырда сағат 05.00-ден бері Фирдоуси ауылы жақтан Жаңажол ауылдық округіндегі Өргебас елді мекеніне су келе бастаған. Фирдоуси ауылында бұған дейін 250 үй суға кеткен еді. Екі ауылдың арасы — 3 шақырым.
Сағат 08.00-ге қарай жеткен су Өргебас елді мекенін түгел басып қалды, 194 үй. Тұрғындардың бәрі — 1 451 адам эвакуацияланды. Көшіру барысында зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Өзбекстан аумағындағы Сардоба суқоймасынан тасыған су еліміздің оңтүстігіндегі Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдары мен облыстық маңызы бар Мырзакент — Жеңіс — Жаңатұрмыс автожолын су басқаны хабарланған еді. Одан кейін су Фирдоуси ауылына жетті. Төрт ауылдан 5 400-ден астам тұрғын эвакуацияланды.
Алдын ала мәлімет бойынша тасқыннан Жаңажол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі үш елді мекенде 1 682 гектар болатын ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шекті. 249 бас мал қырылды.
Еске салайық, 1 мамырда таңертең Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба суқоймасы бөгетті жарып жіберіп, тасыды. Төңіректегі елді мекендерді су басты, 70 мыңға жуық тұрғын құтқарылды, 50-ден астам адам ауруханаға түсті.