Олар көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетумен айналысып, дезинфекция жұмыстарына атсалысып жатыр. Сол сияқты қауырт желі байланыс телефонында жұмыс істейді.
Осындай жұмыстарды белсене атқарып жүрген «Жетісу еріктілері» ұйымының мүшесі, облыстық «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің үйлестірушісі Жансая Смағұловаға облыс әкімі Амандық Баталов Президенттің Алғыс хатын тапсырды.
Құттықтау барысында облыс басшысы Жансаяның төтенше жағдай кезінде ұжымдық еріктілікті ұйымдастырудағы, мұқтаж жандарға қол ұшын созу жұмыстарын үйлестірудегі, волонтерлардың атқарған істерін БАҚ-та насихаттаудағы үлесін атап өтіп, Президенттің Алғыс хатын және сый ретінде өзінің қолтаңбасы бар кітап табыстады.
Жансая Смағұлова облыс әкіміне өзін жылы қабылдағаны үшін алғысын айтты.
Қазіргі уақытта облыста 2033 ерікті жас тіркелген. Өңір еріктілерінің атсалысуымен төтенше жағдай кезінде 50 мың медицина маскасы тігіліп, таратылды.
Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 10 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сол сияқты волонтерлар жалғызбасты қариялардың үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізеді.