Басты бетҚоғамАлматы облысы...

Алматы облысы әкімдігі «Асыл арман» тұрғындарына тегін азық-түлік жеткізе бастады

Алғашқы азық-түлік пакеттері 1215 адамды қамтитын 240 пәтерге берілді.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес кеше карантиндегі тұрғын үй кешенінде тұрғындармен жиын өткіздік. Кездесуде бірінші кезекте азық-түлікке өте мұқтаж адамдарды анықтадық. Өйткені карантиннен бөлек тұрғындардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Оған қоса, алдағы уақытта шешімі қарастырылатын бірқатар тұрмыс мәселесі талқыланды. Біз оларға бұдан былай да қолдау көрсетеміз. Мұқтаж адамдардың тізімі басқарушы компаниялардан келіп түсіп жатыр. Азық-түліктен басқа тұрғын үй кешеніне 10 мыңдай бірреттік маска берілді. Олар тегін таратылып жатыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев. 

Бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, қарт адамдар және жұмыссыз қалғандар сияқты топтар ескерілді. Тұрғын үй кешеніне азық-түлік тарату ісіне кешенде тұратын тұрғындар арасынан шыққан волонтерлар белсенді қатысып жатыр.

Алматы облысы, волонтер
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тұрғындардың көпшілігі үйлерін ипотекамен алғандықтан жергілікті билік ипотека төлемінің мәселесін де қарастырып жатыр.

Бұл мәселе әр жағдайды жеке-жеке алып қарастырады, — деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев.

Сол сияқты тұрғын үй кешенінің тұрғындары карантин аяқталғаннан кейін «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жұмысқа орналаса алатыны да айтылды.