Халық артисі індет кезінде жақын адамдардың амандығы үшін әркім өзін сақтауы керек екенін айтты.
Басымызға түскен дерт дүниежүзін аңыратып жатыр. Осындайда әрқайсымыз өзімізге үңілуіміз керек. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғандар «партия» деді, «мемлекет» деді, бірақ олардың көкірегінде жолдасы, отбасы мен туған-туысы тұрды. Қазір бұл індеттен құтылу үшін әрқайсымыз ата-ана, отбасы мен туыс үшін, олардың амандығы үшін өзімізді сақтауымыз керек, — деді артист.
Оның айтуынша, Президенттің мәлімдемесіне ыждаһатпен, жауапкершілікпен қарау керек. Тәртіпке бағынсақ қана, індетті жеңіп шығамыз.
Бүгінгі ел аман, жұрт тыныш заманда вирус жұқтырған, одан қайтыс болған адамдардың санын сағат сайын естіп жатырмыз. Індеттің бүгін-ертең тоқтайтын түрі жоқ. Мемлекет басшысы ойынан шығарған тірлікті айтып тұрған жоқ. Мұның бәрін еліне, жеріне деген үлкен жанашырлығы деп түсінемін. Бізге тәртіп, тәртіп және тәртіп керек. «Бұдан да жаман күндері тойға барғанбыз» демекші, бұл күндер де өтер, кетер. Келешек бақытты күндер үшін бүгін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға тиіспіз. Олай етпесек, індетке әрі қарай да жем болғалы тұрмыз. «Ойлан, қазақ» деген ұран қазір ойыма оралады. Індет ішіңді үндемей қазады екен. Бір-бірімізге өте сақ болайық! — деді Досхан Жолжақсынов.