Досхан Жолжақсынов: Мемлекеттен бұрын өзіңе кім екеніңді дәлелде

«Алматыда, Нұр-Cұлтанда болып жатқан дүрбелеңнің бәрі адамның психологиясына әсер етпей қоймайды. Оның үстіне мұхиттың ар жағында отырған адамдар Қазақстанға билік жүргізгісі келеді. Кезінде олар тұлға ретінде ешкім емес еді. Қазаққа олардың қосқан үлесі де шамалы. Қалтасы толып, басқа айналысатын ісі қалмағаннан кейін іріткі салуға көшті. Сол іріткінің әсерінен жастар да соларға еліктеп жатыр. Әрине, бұл  — жақсылықтың нышаны емес.

Билікке сын айту үшін әуелі халқыңды, егемендігіңді, жеріңді, ата-анаңды ойлауың керек. Ал оның бәрі тыс қалатын болса, құр айғайлап шығу арандатушылыққа, ұсталғаннан кейін өкінішке әкеледі.

Билік пен халық арасында жетіспейтін дүниелер бар. Соның бірі — жемқорлық. Бұдан арылу қай ұрпақтың несібесіне тиерін әзірше білмейміз. Екіншісі — ашық диалог, ашық қарым-қатынас. Жыл сайын өткізетін әкімдердің халықпен кездесуі бар ғой, соның өзіне халық тізіммен кіреді. Неге олар халықтың алдына шықпайды? Билік ашық диалогқа шыға алатынына халық сенсе, соның өзі халықтың ақыл-ойына, өз-өзіне бағыт-бағдар беруге үлкен септігін тигізеді.

Одан кейін әлеуметтік жағдай ешбір мемлекетте ә дегеннен аяғынан тұра қоймаған. Бірақ алаңға шығуға құқың бар ма, мемлекетке не бердің, мемлекетті былай қойғанда, өз отбасыңа қандай еңбегің сіңді, дүниеге перзент әкелдің бе, отбасыңды асырай алдың ба — осыны ойлау керек.

Біз де пәтер жалдадық. Пәтерсіз жүргенде бала-шағамызбен далада қондық. Менің анам он баланы өмірге әкелді. Інім және төрт қарындасыммен 26 шаршы метр баспанада тұрдық. Бірақ ешкімнен кем болған жоқпыз. Әркім қолынан келгенін істеп, өз нанын тауып жүр. Ата-анамыз өмірден разы болып өтті.

Біз бәрін өзімізден бастауымыз керек. Алаңға шығып, айқайлау үшін қандай еңбек сіңірдің, соны ойландың ба? Өзіңнің мықты екеніңді әуелі өз кәсібіңде дәлелде», — деді Досхан Жолжақсынов.