Мамандардың мәліметінше, сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері ауа райы құбылмалы болады, жаңбыр жауады, кей жерде жауын-шашын мол түседі.
Кей жерде найзағай ойнап, тұман түседі, екпінді жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін. Республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жаңбырдың салдарынан ыстық басылады, — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.
Синоптиктердің болжамына қарағанда жұмаға дейінгі аралықта циклонның артынан Қара теңіз аудандарынан антициклон келіп, жауын-шашынның бірте-бірте тоқтауына және ауа температурасының аздап төмендеуіне себеп болады.
«Қазгидромет» жайсыз ауа райына байланысты еліміздің көп өңірінде ескерту жарияланғанын хабарлады.
28 сәуірде Қызылорда облысында арагідік күн күркірейді, найзағай ойнайды, қатты жаңбыр, бұршақ жауады, дауыл тұрады, шығыстан соғатын жел батысқа ауысады, оңтүстік-батыстан, солтүстік-батыстан екпіні секундына 28 метрге жететін жел соғады.
Жамбыл облысында кей жерде оңтүстік-батыстан және батыстан екпіні секундына 23-28 метрге жететін жел соғады, найзағай ойнайды, бұршақ жауады.
Түркістан облысының кей жерінде қатты жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, дауыл тұрады, солтүстік-батыстан соғатын екпіні секундына 23-28 метрге жететін жел соғады.
Шымкентте қатты жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, дауыл тұрады, солтүстік-батыстан екпіні секундына 23 метрге жететін жел соғады.
Қарағанды облысында кей жерде найзағай ойнайды, дауыл тұрады, толассыз жаңбыр жауады, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады.
Қостанай облысының кей жерінде найзағай ойнайды, тұман түседі. Батыстан жел соғады, екпіні кей жерде секундына 15-20 метрге жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында да найзағай ойнайды, толассыз жаңбыр жауады, тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Ақмола облысында кей жерде бұршақ жаууы мүмкін, найзағай ойнайды, толассыз жаңбыр жауады, тұман түседі, оңтүстік-шығыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысады, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Нұр-Сұлтанда найзағай ойнайды, бұршақ жауады.